Қазақстандық дәрігер өкпе ауруларын емдейтін құрылғы ойлап тапты

Жаңа аппарат тыныс алу жолдарын ашуға көмектеседі. Ол қазір еліміздің бірнеше ауруханасында қолданыста тұр. Әлемде баламасы жоқ құрылғыға қазірдің өзінде Ресей, Беларусь елдерінің дәрігерлері қызығуда.

«Бұл аппарат науқастарды түрлі дәрілерді көптеп қолданбай-ақ, ауруды жеңілдетуге көмектеседі. Тынысы тарылып, екі өкпесі қабынған адамдардың біразына осы құрылғы арқылы ем жасап жатырмыз», — дейді еліміздің бас пульмонологы Ирина Мұқатова.

Аппаратты ойлап тапқан өнертапқыш дәрігер Анатолий Сергиенко, бүгінде бірнешеуін жасап, тәжірибеге енгізіп үлгерген. Дәрігер бұл құрылғыны жетілдіруге он шақты жылын арнаған. Қазірде өзі қызмет ететін ауруханада да күнделікті қолданатындығын айтады.

«Мен бұл аппаратты құрастыруды медицина университетінде оқып жүргенде ойға алған болатынмын. Ол кезде қаражат қол байлау болды. Әрі жағдай да жоқ еді. Ал қазір мүмкіндік туып, ойымды жүзеге асырдым. Аталған құрылғы пневмания, бронхит, демікпе сияқты ауруларды жеңілдетуге көмектеседі. Сондай-ақ, тыныс алу жолдарына байланған қақырықты түсіреді», — дейді жоба авторы, дәрігер-реаниматолог Анатолий Сергиенко.

Аппарат техникалық және клиникалық сараптамадан өткен. Бұл туралы құрылғыны шығарушы компания директоры Руслан Чакушин хабарлады. Оның айтуынша, биыл тағы 80-ге жуық осындай аппарат шығарылады.

Дереккөз24.kz