— Коронавирус өкпеге қалай әсер етеді?

— Өкпені қабындыратын басқа да вирус табиғатта кездесуі мүмкін, бірақ дәл коронавирустай зақымдаған инфекция бұрын болмаған еді. Әр вирустың патоген қасиеті болады. Бұған дейін коронавирус басқа штаммен келгенде, адамдар қатты ауырмаған-ды. Алайда осы жолғы штамымен адамзат алғаш рет кезігіп отыр. Бұрын жолықпаған дүниеге иммунитет те қарсы тұра алмайды. XX ғасырдың басында адамдар алғаш тұмаумен ауырғанда өлім көп болды. Ал қазір адамда бұл вирусқа иммунитет қалыптасқан, сондықтан тұмау жеңіл өтеді деп айтпасақ та, біз үшін қалыпты нәрсеге айналды. Жылда тұмауды күтеміз, оған қарсы вакцина егеміз.

Көп адамда коронавирус жеңіл өтіп жатыр, тіпті белгісі де байқалмауы мүмкін. Тест нәтижесі оң шыққандар да «ауырған жоқпын» деп жатады. Сондықтан ауырмаған жандарда коронавирус симптомсыз жүруі ықтимал. Қазір жасөспірімдер коронавирусты көбіне симптомсыз немесе жеңіл өткереді. Бірақ олар отбасындағы, қасындағы созылмалы аурулары бар егде жастағыларға жұқтырады. Осындай мәселеде сақ болған жөн.

Кейде адам кәдімгі тұмаумен ауырғанда өкпесі қабынып жатады. Бірақ дәл осы коронавирус кезіндегідей көп зақымданбайтын. Бұл жолы науқастардың 80%-інде өкпе зақымданды. Бірақ өкпе қабынады, ауырады екен деп қорқа берудің де қажеті жоқ. Түбінде коронавируспен бәрі ауырады деп те айта алмаймыз. Себебі мүлдем ауырмайтындар да болуы мүмкін. Мысалы, ЖИТС (СПИД — ред) те — вирус. Бірақ ауырған адаммен байланыста болса да, әлемде ЖИТС жұқпайтын адамдар бар. Сол сияқты коронавирус жұқпайтын аз адам табылуы ғажап емес. Әзірше, бірдеңе деу қиын. Тіпті иммунитеттің қанша уақытта қалыптасатынын да білмейміз. Коронавирустың табиғаты тылсым, бұрын кездеспедік. Зерттеуге де уақыт тапшы, себебі дәрігерлер адамдарды емдеу жолын қарастырып кетті. Енді ғана тұжырым жасауға шама жетіп жатыр.

Пневмония, дәрігер, өкпе
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

— Қазір дәрігерлер коронавирус пневмониясын қалай емдеп жатыр?

— Кәдімгі тұмауда адамның жұмыстан босауын сұраймыз. Жұртқа жұқтырмасын деп емес, науқас тез жазылсын, ауырғанда күшін үнемдесін, тынықсын дейміз. Сонда ағза тез қалыпқа келеді, жазылады. Сол сияқты вирус пневмониясының женiл түрiнде үйде жатып, дене кызуын түсiретiн дәрi, ауырғанды басатын жылы сұйық көбiрек iшiп, симптоматикалық ем кабылдауға болады. Клиникалық белгісі болмаса, ешқандай дәрі де жазып бермейміз, ауруханаға жатудың да қажеті жоқ. Тек дәрігердің бақылауында болады. Себебі бұл вирустың емі жоқ, проблема туып жатқаны да осыдан. Басқа вирустар да пневмония тудыруы мүмкін, бірақ ондай жағдай саны көп емес. Мысалы, тұмаумен мың адам ауырса, онында ғана пневмонияға айналуы мүмкін.

Бұрын-соңды дәл осындай көлемде вирус пневмониясымен кездеспедік. Адамдар көбіне бактериал пневмониямен ауыратын. Ал оны антибиотикпен емдейді. Вирус пневмониясы пандемияға дейін 5% ғана кездесетін. Соған үйреніп алған кей дәрігер вирус жағдайында да антибиотик тағайындайды. Оның ешқандай әсері болмайды. Қазір дәрігерлер науқасты ауру симптомдарына қарай емдеп, оның жағдайын бақылайды. Кейбірінде іші өтсе, соған қарсы дәрі береді, біреулерге ауырғанды басатын дәрі жарап қалады.

Пульмонолог Саттар Ералиев
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

— Өкпенің 40-50%-і зақымдануы дегеніміз не?

— Бактериал пневмонияда адам өкпесінің 50%-і зақымданса, ол жан сақтау бөліміне түседі. Ал вирус пневмониясында вирус өкпенің оттегі алмасатын альвеоласын емес, соның ортасындағы интерстициал тінді зақымдайды. Сондықтан өкпе өте көп зақымданғанда адам тынысы тарылады. Өкпенің 50-60%-і зақымданса, ағза қарсы тұрады, реакция береді. Жақында өкпесі 100% зақымданған адам да жазылып, ауруханадан шыққанын естідік. Сондықтан вирус пневмониясынан қатты қорқа берудің де қажеті жоқ.

— Пневмония қандай жағдайда асқынуы мүмкін?

— Артық салмағы бар, жүрек аурулары мен қант диабетіне шалдыққан адамдарда вирус пневмониясы асқынуы мүмкін. Оның бәрінің медициналық себептері бар.

Біз неге пациенттерге мұрынды шаю туралы көп айтамыз? Себебі кез келген вирус мұрынның шырышты қабығы арқылы кіреді. Сондықтан ауырған адаммен жолықсаңыз, үйге барып мұрынды тұзды сумен шайыңыз дейміз. Өйткені вирустың жабысатын элементері болады. Ал тұз оларды шырышты қабықтан ажыратып, шайып жібереді. Бетіңізді, қолыңызды ұстамаңыз дейтініміз де содан. Вирус мұрынға кіріп, лимфоузелдерге жиналып, көбейеді. Әрі қарай өкпеге ғана емес, басқа ағза мүшелеріне баруы ықтимал. Тіпті вирус бірінші орында миды зақымдауы мүмкін. Адамның әлсіздігі, жата бергісі келуі, емделгеннен кейін де қалыпқа келмей, иіс пен дәм сезбеуі де  – коронавирустың миды зақымдауынан болуы ғажап емес. Себебі мида иіс жүйкесі бар.

Пульсоксиметр
Пульсоксиметр. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Кей пациент кеудесінің ауырғанын пневмония деп жатады. Кеуденің ауыруы вегетатив жүйке жүйесінің зақымданғанынан болады. Себебі өкпенің өзінде ауыратын рецепторлар жоқ. Сол себепті дәрігерлер көбіне туберкулез, өкпенің қатерлі ісігі сияқты ауруларды кеш тауып жатады. Себебі өкпе ауырмайды, ал ісік жаймен үлкейе береді. Өкпе қабыну процесі плевра қабығына жеткенде ғана ауырады. Адамның иммуниеті әлсіз болып, қосымша аурулары болса, вирус өкпенің альвеоласына өтеді. Солай біртіндеп зақымдай береді. Байқағаным, адамның қай жері ауырса, вирус сол жерді зақымдайды. Ол да адамның әлсіз тұсын біледі. Коронавирустан ұйқы бұзылуы да мүмкін. Біраз күн ұйықтай алмай жүрген науқастар да бар.

— Ауа сапасы нашар жерде өмір сүретіндер өкпесін қалай күтуі керек?

Тұмшаны жұтпаймын деп газтұтқыш киіп жүре алмаймыз. Сондықтан қоғам бірігіп, талап қойып, биліктегілерге тиісті шара қабылдатуы керек. Қазір қоршаған орта мәселесін айтып, шырылдап жүрген қоғамдық ұйымдар, белсенді азаматтар бар. Әрқайсымыз соларды қолдауымыз керек. Меніңше, Алматыға ескі көліктерді кіргізбеу туралы заң керек. Себебі көліктің қозғалтқышы ескірген сайын зиян газды көбірек шығарады. Ол болмаса, бұрынғы көлікті айдап жүргендерге арнайы салық салу керек шығар. Мұндай шаралар Алматыға ғана емес, еліміздің барлық ауасы жақсы емес аймағына да қажет. Өкпені қорғаудың негізгі жолы – қала атмосферасының нашарлауына қарсы тұрып, күресу, көбірек айтып, жазып, азаматтар бастаған қозғалысқа қосылу. Ал жеке өкпемді сақтаймын десеңіз, басқа қалаға көшуге тура келеді.

Дәрігер, пульсоксиметр
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Алматыдағы ауаның ластануы, қоршаған орта туралы мәселелер бекер көтеріліп жатқан жоқ. Себебі атмосфераның ластануы тек пневмония емес, қатерлі ісік, өкпенің созылмалы обструктив ауруы (ХОБЛ) сияқты ауруға себеп болады. Бірінші орында ХОБЛ темекіден, екіншіден қоршаған ортаның ластану әсерінен болады. Лас ауа біртіндеп өкпенің иммунитетін төмендетеді. Ауаның ластануы көбіне өкпенің созылмалы ауруларына себеп болады. Өйткені ауа ластанғанынан өкпе бірден ауыра қоймайды, ол жылдап әсер етеді.

— Алматының жағдайында не істеу керек?

Алматы мың метрден астам биікте орналасқан. Неғұрлым тауға көтерілсең, соғұрлым оттегі азая береді. Адамға оттегі жеткілікті болуы үшін ол ауада 15-тен 21%-ке дейін болуы керек. Мысалы, Ла-Паста (Боливия) ауадағы оттегі мөлшері – 13%. Барғанда адамның басы айналады, бірақ халқы оған да үйренген. Алматыда ауадағы оттегі мөлшері 16% қана. Өйткені біз биіктеміз.

Тауға шыққанда адам «тынысым кеңейіп, жақсы болып қалдым» деп жатады. Ол оттегінің көп болуынан емес, жалпы ол жақта ауаның таза болуынан. Тау жақта оттегі көп деп айта алмаймыз. Егер қаланың лас ауасынан қашып, тауға жиі шығып тұрсақ, мұндай тәсіл жарамайды. Біз керісінше өмір сүріп отырған жеріміздің ауасын, қоршаған ортаны тазартуымыз керек.

Пульмонолог Саттар Ералиев
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

— Қазақстан тыныс алу аурулары бойынша қай орында?

— Дүниежүзі денсаулық сақтау ұйымының зерттеуінше, пандемияға дейін Қазақстан тыныс алу аурулары бойынша алғашқы орында болатын. Оған қоршаған ортаның ластануы мен континентал климат әсер етеді. Алматы ғана емес, елімізде ауа сапасы нашар бірнеше өңір бар. Темекі тартатындардың да саны азаймай отыр, оның үстіне қорқорға құмарлар да жетерлік.

Өзіме келетін пациенттерден байқағаным, өкпе ауруларына бірден бір себеп көп жағдайда — темекі. Адам өз денсаулығын өзі құртып жатыр деуге болады. Екіншіден, шаңда, зауытта жұмыс істейтіндер, бояу қолданатындар көбіне сақтық шараларына мән бермейді, өкпені зиян заттардан сақтамайды. Оларды сыртынан келіп те тексере бермейді. Сонымен қатар демікпе ауруына адамның артық салмағы әсер етеді. Бұл да адамның өзіне байланысты. Бронх демікпесін ғана адамның жеке өзінен деп айта алмаймыз. Себебі қазір біз өмірде жасанды, қолдан жасалған заттарды пайдаланамыз.

Пульмонолог Саттар Ералиев
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Ғалымдар адам ағзасында майда микропластиктің бар екенін анықтап жүр. Демек пластик заттардан біраз нәрсе бөлінеді де, ол ағзада жиналады. Бұл микропластиктер ағзадан шығып кете ме, ауруға себеп бола ма, ол жағы әлі зерттелмеген. Пластиктің де тұрмыста қолданатын түрі бар. Осы мәселеде адамдар ұқыпты болмауы мүмкін. Тек техникада пайдалануы керек пластикті тұрмыста қолданып, адам соның зардабын көріп жатуы да ғажап емес. Себебі олар улы зат бөледі. Мысалы, тамақ салуға арналған пластиктің маркасы РР немесе 5 деп таңбаланады. Басқасы ағзаға зиян болуы мүмкін.

— Өкпенің қатерлі ісігі неден болады?

— Өкпенің қатерлі ісігі темекі мен қоршаған ортаның ластануынан болуы мүмкін. Бұл темекі тартқан адам қатерлі ісікке шалдығады немесе өкпесін барынша күткен адам ауырмайды деген сөз емес. Бірақ өкпенің қатерлі ісігі темекі тартпағандарға қарағанда тартқандарда 8 есе көп болады. Өкпенің қатерлі ісігінде генетиканың орны ерекше. Егер пациенттің туыстарында өкпенің ісігі болса, жиі томография жасап тұруды сұраймыз. Оның үстіне өкпе ісігі тез қозады. Сондықтан уақытында емдеу арқылы ғана жақсы нәтижеге жетеміз.