Қазақстандықтардың орташа өмір сүру ұзақтығы тұңғыш рет 74 жасқа жетті. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Қазақстан тарихында алғаш рет халықтың өмір сүру ұзақтығының деңгейі 2022 жылдың қорытындысы бойынша 74,44 жасқа жетті. Өмір сүру ұзақтығының өсуіне экономиканың дамуы, әлеуметтік әл-ауқат, оның ішінде денсаулық сақтаудың дамуы, сонымен қатар халықтың салауатты өмір салтын ұстануы сияқты факторлар әсер етеді, — делінген хабарламада.
Министрліктің мәліметінше, республикада жоғары технологиялық медицина қызметі, ауыл медицинасын, денсаулық сақтау объектілерінің инфрақұрылымын дамыту жөніндегі жұмыс күшейтілді. Сонымен қатар ауыл тұрғындары үшін профилактикалық тексерулер енгізілді, балаларды профилактикалық тексеру пакеттері кеңейтілді, онкологиялық және гематологиялық ауруларға күдік туындаған кезде тексерулер жеделдетілді.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, елімізде өмір сүру ұзақтығы 2021 жылмен салыстырғанда бірден 4,2 жылға артты.
Айта кетейік, әлемде ең ұзақ өмір сүретіндер жапондар екен. Олардың өмір сүру ұзақтығы орташа 82 жас. Екінші орында Қытай, үшінші орында Швейцария халқы тұр.
БҰҰ жасаған 2005-2010 жылғы тізім бойынша Қазақстан ұзақ өмір сүру жағынан 194 мемлекеттің ішінде 128-ші орында тұрақтаған. Ол кездегі қазақстандықтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 72 жас болған.