Басты бетЖаңалықтарПрезидент "Ассамблеяның...

Президент «Ассамблеяның қажеті жоқ» дейтіндерге жауап берді

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы ассамблеясы не үшін қажет екенін айтты.

Татулық пен келісімнің ерекше маңызды екенін жұрттың бәрі бірдей сезінбеуі мүмкін. Сол себепті кейде «Ассамблеяның қажеті жоқ» деген ұшқары, яғни күмәнді пікірлер айтылып жатады. Шын мәнінде, ассамблея – мемлекеттілігіміздің іргесін бекітіп тұрған басты институт, — деді президент Астанада өтіп жатқан ҚХА-ның ХХХІІ сессиясының отырысында.

Оның айтуынша, Қазақстан халқы ассамблеясы – бірлігімізді нығайтуға қызмет ететін бірегей құрылым.

Ассамблея қасиетті қазақ жерін мекен еткен барша этносты ұйыстырып отыр. Онда еңбек етіп жүрген азаматтарды бірліктің елшісі деуге болады, — деді президент.

Ол әрбір қазақстандық бірлікті нығайту үшін қызмет етуі керек екенін айтып өтті.

Бұл қызмет ешқашан тоқтамайды, үздіксіз жалғаса береді. Өйткені бірлік болса ғана, тірлік болады. Біз осы мызғымас қағидаға әрдайым адал болуымыз керек, — деді мемлекет басшысы.