Биыл талапкерлерді ЖОО-ларға қабылдау квотасы бекітілуі мүмкін

Жаңа оқу жылына арналған талапкерлерді жоғары оқу орындарына қабылдау квотасының мөлшері бекітілуі мүмкін.

Бұл туралы ғылым және жоғары білім министрінің бұйырық-жобасы «Ашық» НҚА порталында жарияланды.

Бекітілген мемлекеттік білім беру тапсырысынан жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға түсу кезінде қабылдау квотасының мөлшері бекітілсін, — делінген бұйрық жобасында.

Құжат бойынша, жаңа оқу жылынан бастап білім беру ұйымдарына оқуға түсу кезінде қабылдау квотасы мына мөлшерде бекітілді:

1. бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар, бала кезінен мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар балалар арасынан шыққан азаматтар үшін – 1%;

2. басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер үшін – 0,5%;

3. ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуын айқындайтын білім беру бағдарламалары бойынша оқуға ауыл жастары арасынан шыққан азаматтар үшін – 35%;

4. ҚР азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдар үшін – 4%;

5. жетім балалар және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар, сонымен қатар кәмелеттік жасқа толғанға дейін ата-анасынан айырылған немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жастар қатарындағы ҚР азаматтары үшін – 1%;

6. ҚР үкіметі айқындаған өңірлерге қоныс аударған ауыл жастары арасынан шыққан ҚР азаматтары үшін – 5%;

7. кәмелетке толмаған төрт және одан көп бала тәрбиелеп отырған отбасылардағы балалар үшін – 5%;

8. кемінде үш жыл толық емес отбасы мәртебесі бар отбасылардағы балалар үшін – 1%;

9. бала кезінен мүгедектігі бар балаларды, бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарды тәрбиелеп отырған отбасылардағы балалар үшін – 1%.

Министр бұйрығы 15 мамырға дейін көпшілік талқылауда болады.