1 мамыр — Бірлік күні. Бұл күні Қазақстанда тұратын ұлттардың бірлігі тойланады. Әріптесіміз, Baribar.kz журналисі Наргиза Аршидиннің отбасы көпұлтты Қазақстанның шағын моделі іспетті. Олар Бірлік күнін 10 жылдан бері ерекше атап өтеді. Наргиза редакцияға мерекені қалай тойлайтынын айтып берді.
«Әкем өз тілінде, анам өз тілінде сөйлейді»
Наргиза Жетісу облысы, Жаркент қаласында туып өскен. Анасы — қазақ, әкесі — ұйғыр. Наргизаның сөзіне қарағанда, үйде әркім қалаған тілінде сөйлейді.
Үш ағайындымыз. Әкем өз тілінде, анам өз тілінде сөйлейді. Сіңлім екеуміз қазақ мектебін бітіргендіктен, бізге қазақша сөйлеген оңай. Анамызбен қазақша, әкемізбен ұйғырша сөйлесеміз. Інім қазір орыс мектебінде оқиды, сондықтан орысша сөйлейді. Үйде демократия — кім қай тілде сөйлесе де, өз еркі. Қонаққа келгендер дастархан басында үш тілде сөйлеп отырғанымызды айтып күледі. Бірақ ол өзімізге білінбейді. Бәріміз бір тілде сөйлеп отырғандай болады, — дейді ол.
Ата-анасы екі тілде сөйлегендіктен, Наргизаның тілі кеш шыққан.
Анам қазақша, әкем ұйғырша сөйлегендіктен, әрі-сәрі болып қаппын. Үш жасқа келгенде бір-ақ сөйлей бастаппын. Мектепке бес жастан барған соң, қазір қазақшам жақсы, ұйғыршам нашарлау. Сіңлімді екі жасына дейін әкемнің ағасы бақты, сондықтан оның тілі қатар шықты. Бірақ көпке дейін қазақша мен ұйғыршаны қосып, өзі бір жаңа сөздер шығарып алатын. Ұйғырша «дәптәр» мен қазақша «дәптер» дегенді қосып, «диптер» дейтіні есімде (күліп), — дейді ол.
Наргиза отбасымен қазақ тілін бірінші орынға қоятынын айтады. Туыстары да Қазақстанда тұрып жатқан соң қазақ тілін білген дұрыс деп есептейді.
Анам — патриот, тек қазақша сөйлейді. Әкем өз туыстарымен ұйғырша, нағашыларыммен қазақша сөйлесуге тырысады. Кейде күліп, анамызға мұның алалау екенін айтып, әкемнің туыстарымен неге ұйғырша сөйлеспейтінін сұрап тиісеміз. Бірақ оған ренжіп, көңіліне алып жатқан ешкім жоқ. Әкемнің бауырлары да осы елде тұрып жатқан соң, қазақ тілін білген жөн деп есептейді, — дейді Наргиза.
Оның атасы қиын-қыстау заманда Қазақстанға көшіп келіп, ұрпақтары Алматы іргесінде тұрақтаған.
Қазір жергілікті болып кеткенбіз. Бірақ тарихқа салсақ, қай жылы екенін білмедім, атам Қытайдан қашып келіпті. Сол үшін Тұрған деген есімін Тұрсынмәмет деп өзгерткен. Тегін де басқаша жаздырған — Хошниязов депті. Сөйтіп қазір түгел әулет Хошниязовтар болып жүр. Әкем кейінірек «Хошнияз деген — кезінде амалсыздан ойлап табылған жалған есім» деп үшеуімізді өзінің атына жаздырды. Қазір үшеуіміз де — Аршидинбіз. Осылайша әулет тарихы нөлден бастап қайта жазылып жатыр, — дейді ол.
«1 мамыр сайын дастархан жаямыз»
Аршидиндер әулеті 1 мамыр күнін ерекше күтеді. Бұл күн — отбасының жеке мерекесі. Атаулы күнді 10 жылдан бері тойлап келе жатыр.
Ес білгелі 1 мамыр Бірлік күні, басқа ұлттар қазақ ұлтына алғыс айтатын күн дегенді естиміз ғой. Көпке дейін бұл дата біз үшін де ресми күн сияқты еді. Шамамен, 10 жыл бұрын әкем «Бұл негізі біздің күн ғой, біздің отбасының мерекесі, неге тойламасқа?» деді. Біз де қолдай кеттік. Содан бері 1 мамыр сайын дастархан жайып, бір-бірімізді құттықтайтын болдық. Әкем ініммен бірге дәмді кәуап пісіреді. Анам ет асады. Ерінсе, ештеңе жасамауы да мүмкін (күліп). Үйде демократия деп айттым ғой, — дейді Наргиза.
Бұл күнді мереке ету үшін отбасының барлық мүшесі үлес қосуға тырысады. Наргиза сіңлісі екеуі түрлі салат жасайды. Бірі ноутбуктан, екіншісі теледидардан тамақтан кейін қандай фильм көретінін таңдайды.
Әкем мен анам орыс, өзбек сериалдарын жақсы көреді, ал біз түрік сериалдарын ұнатамыз. Сосын кейде әзілдеп үстелден тұрарда ата-анам таңдаған фильм-сериалына қарай «Ал біз Өзбекстанға/Мәскеуге кеттік» дейді.
Бұл күні туыстары да Наргизаның үйіне қонақ болып барады.
Әкемнің бауырлары бұл күнді біз сияқты дастархан жайып тойламаса да, жыл сайын үйімізге қонақ боп, құтты болсын айтып кетеді. Келе алмағаны міндетті түрде қоңырау шалады.
Биыл Наргизаның өзі де отбасын тек телефон арқылы құттықтауға мәжбүр.
Биыл 1 мамырда үйге бара алмаймын. Тек телефон арқылы құтты болсын айтып қоятын шығармын. Бірақ бәрібір бұл күн жайлы айтылса, ерекше мерекелік көңіл-күйді сеземін, — дейді ол.
«Салыстырмалы түрде толерант болып өстік»
Ол аралас некедегі отбасында өскеннің артықшылығы көп дейді. Соның бірі — екі халықтың да салт-дәстүрін біліп өскені.
Анам да, әкем де — заманауи адамдар. Сондықтан бала кезде ұйғыр немесе қазақ мәдениетіне жеке-дара басымдық болған жоқ. Соның арқасында бауырларыммен екі жақтың да дәстүрін жақсы біліп өстік, құрметпен қараймыз. Бірақ анамыз кішкентайдан қазақ тілін білуді міндеттеді. Тіл білмесе, мемлекеттік жұмысқа тұра алмайды деп қорыққан екен. Тіпті мен жеке куәлік алғанда «ұлты — қазақ» деп жаздырды, — дейді ол.
Наргиза 18 жасқа толғанда куәлігіне ұйғыр деп жаздырып алған. Олай етуінің салмақты себебі бар.
Сонда анам «Не болды, қаның ойнап кетті ме?» деп күлді. Бірақ өзімді алдап жүргендей сезіндім, әкем де іштей ренжитін болар деп ойладым. Бір жағынан ұйғыр ұлтын кемсітіп жатқан сияқты болдым. Бірақ бұл — тек менің ойым. Негізі мұның бәрі аса маңызды емес қой. Мысалы, сіңлім куәлігінде «қазақ» деп жаздырды. Анамыз қазақ болған соң, олай деп жаздыруға толық құқы бар. Бірақ ол қазақ ұйғырдан жақсырақ деген ойдан болмауы керек. Сол сияқты, ұйғыр да қазақтан артық дегенді ойламауымыз қажет, — дейді Наргиза.
Ол екі ұлт арасындағы некенің артықшылығын айтып өтті.
Анаң мен әкең екі ұлт өкілі болса, салыстырмалы түрде толерант болып өсесің. Кейде ұлтжандылық нацизмге айналып кетуі мүмкін. Мұндайдан алшақ боласың. Әрине, өз ұлтыңды жақсы көру керек. Бірақ адамның жақсы-жаман болуы қай ұлттан шыққанына байланысты емес екенін түсінген жөн.
Наргиза өзі де басқа ұлт өкілімен отбасын құруға қарсы емес. Ол әке-шешесінің үйленуіне нағашылары сол ұлт мәселесінен қарсы болған дейді.
Ұйғырларда да алып қашу бар. Анамды алып қашқаннан кейін барған хабаршыны марқұм нағашы апам үш күн үйіне кіргізбей қойыпты. «Қызымды сартқа бермеймін» деп тұрып алған. Бірақ кейін әкемді қатты жақсы көрді, үнемі «ең сүйікті күйеубалам» деп отыратын. Демек, мәселе ұлтта емес, адамның адамгершілігінде, — дейді ол.
Оның айтуынша, бір-бірімізді тани түсу үшін түрлі ұлт болып жаратылдық деген пікірді ұстану керек.