Үкімет басшысы ішкі нарықты азық-түлікпен қамтамасыз ету жұмысын күшейтуді тапсырды

Ішкі нарықты азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету жұмысын күшейту қажет. Бұл туралы премьер-министр Әлихан Смайылов айтты.

Бүгін үкімет отырысында премьер-министр ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтен шаруаларға форвордтық қаржыландыру қалай ұлғайтылатынын сұрады.

Біз бағаны тұрақтандыру бойынша үлгілік қағидаларға өзгертулер жобасын әзірлеп қойдық. Осы жобада айналым схемасы аясында ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер мен қайта өңдеу кәсіпорындарын форвардтық қаржыландыруға кемінде 70%-і жіберілетін болады. Бұрын ондай талап қойылмаған еді. Қазір осыны енгізіп отырмыз. Министрлік тиісті бұйрығын жария талқылаудан өткізіп, қазір қауымдастықтарға мақұлдауға жіберді. Жақын арада бекітеміз, — деп жауап берді Ербол Қарашөкеев.

Үкімет басшысы ішкі нарықты азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету жұмысын күшейту қажеттігін баса айтты.

Сондықтан инвестициялық жобаларды биыл іске қосу керек. 2024 жылы бөлек, қазір, 2023 жылы инвестициялық жобаларды іске асыру қажет. Ішкі нарықты қазір қамтамасыз ету керек, — деді Әлихан Смайылов.