Қазақстанның автожолдарында мобайл интернет болады

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин жолдарды интернетпен қамту туралы айтты.

Біз 487 антенна тіректерінің құрылысын орнатуды көздеп отырмыз. Нәтижесінде 17 000 километр автожол мобайл интернетпен қамтамасыз етіледі, — деді министр үкімет отырысында.

Оның айтуынша, биыл Астана, Алматы, Шымкент және кейбір облыс орталықтарында ұялы байланыстың жаңа буыны 5G енгізіледі.

2027 жылға қарай әрбір республикалық маңызы бар қаланы 5G-мен қамту 75%, ал облыс орталықтарын қамту 60% болады. 5G интернетке жоғары жылдамдықпен қол жеткізуді қамтамасыз етеді, бұл цифрлық экономиканың дамуын жеделдетуге және заманауи технологиялық компаниялардың жұмыс жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді, — деді Бағдат Мусин.

Сонымен бірге қалалардағы 170 мыңнан астам үй шаруашылығын жылдамдығы жоғары интернет желісіне қосу жоспарланып отыр.