Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Алматының жер қатынастары саласындағы бірқатар заң бұзушылықты анықтады.
Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.
2017 жылдан бастап жаппай демалуға және туризмге арналған рекреациялық аймақтан тұрғын аймаққа 286 гектарға жуық жер аударылған. Бұл өзгерістер экологтардың, СЭС пен өрт сөндірушілердің келісімінсіз жүзеге асырылған. Қоғамдық тыңдаулар өткізілмеген. Сонымен бірге қолданыстағы бас жоспар 2011 жылы өзектілігін жойған, ал жаңасы әлі бекітілмеген.
Тасқын, көшкін және сел қаупі аймағында 5 000-ға жуық нысан бар. Оларда 26 мың адам тұрады. Мысалы, Набережная көшесіндегі тік беткейдің астында сары топыраққа 12 тұрғын үй салынған. Кейінгі екі жылда ландшафтты заңсыз өзгертудің 26 фактісі анықталды, — делінген хабарламада.
Наурызбай ауданының тау бөктеріндегі учаскелердің бірінің иесі рұқсат құжатсыз тауды кесіп тастаған. Мамандардың қорытындысы бойынша кесілген топырақтың көлемі 100 мың текше метр болды. Бұл жерлер сату мақсатында 50 тәуелсіз учаскеге бөлінген.
Заң бұзушылықтар бойынша қылмыстық істер тергеліп жатыр. Олардың шеңберінде лауазымды тұлғалардың жауапкершілігі қаралады. Талдау жалғасып жатыр.