Астана қаласы төтенше жағдайлар департаменті елорда тұрғындары мен қонақтарына қаладан шығатын тас жолдың бәрі жабық екенін ескертті.
«Қазгидрометтің» мәліметінше, елордада 15 сәуірде қар жауып, бұрқасын жүріп, көктайғақ болады. Оңтүстік-батыстан солтүстік-шығысқа ойыса соққан желдің екпіні 15-20 м/с, кей тұста 23 м/с жетеді. Сынап бағаны түнде және күндіз 5-7 градусқа дейін күрт төмендеп, суық болады.
14 сәуірде сағат 14.00-ден бастап 112 шұғыл байланыс желісіне түрлі сипаттағы 3000-нан астам қоңырау түсті. Қатты желден металл конструкциялар, қаптама плиталалар, шатыр ұшып, электр сымдары тұйықталып, Астана ТЖД бөлімшелері 10-нан аса шақыртуға шықты. Қазіргі уақытта жол нашар көрінгендіктен, қатты жел мен бораннан, көктайғақтан барлық алты бағыт бойынша көлік құралдарының барлық түріне республикалық маңызы бар автожол жабық. Астана-Қостанай тас жолы Қажымұқан ауылына дейін ғана ашық, — делінген хабарламада.