Жаңа үкіметтің қаулысы бойынша, елдегі жанармай 20%-ке дейін қымбаттайды. Премьер-министр Әлихан Смайылов «бағаны көтеруге мәжбүрміз» дейді. Өзгеріс 2023 жылғы 12 сәуірде күшіне енеді. Бұл қаншалық дұрыс шешім? Үкімет жанармай бағасын не үшін көтеріп жатыр? Бензин, дизель отыны тағы қымбаттауы мүмкін бе? Сарапшылардан сұрап көрдік.
«Тапшылық пен заңсыз экспортты жою»: Үкімет не дейді?
Қазақстанда осыған дейін АИ-92 және АИ-93 маркалы бензин аймаққа байланысты литрі 182-187 теңгеден, дизель отыны 230-260 теңгеден сатылатын. Енді бензиннің құны 205 теңгеге дейін, дизель отынының бағасы 295 теңгеге дейін өседі.
Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың айтуынша, жанармайды қымбаттатудың бірнеше себебі бар. Біріншіден, елімізде былтырмен салыстырғанда жанармай тұтынатындардың саны 15%-ке артқан. Сұраныстың артуы елде бензин, автогаз, дизель отыны сияқты жанармай түрлерінің тапшы болуына әкелуі мүмкін. Екіншіден, көбі жанармайды заңды да, заңсыз да сыртқа таситын болған. Премьер-министр мұны Қазақстандағы жанармай көршілес мемлекеттерге қарағанда әлдеқайда арзан екенімен байланыстырды.
«Қазақстанда адам басына 370 литр дизель отыны қолданылады. Бұл — өте жоғары көрсеткіш. Мысалы, Ресейде адам басына 225 литр, Қырғызстанда 98 литр , Өзбекстанда 44 литр қолданылады, яғни олар бізге қарағанда сегіз есе аз пайдаланады. Оның үстіне елде тұтыну артқанымен, экономика секторларында атап айтарлық өзгеріс жоқ. Себебі сұраныс жанармай экспортқа шыққаннан артып отыр. Жағдайды қалыпқа келтіру үшін Қазақстан мен көршілес елдердегі жанармай бағасы арасындағы айырмашылықты жоюмыз керек. Бұл жанармайдың сыртқа кетуін азайтады әрі ішкі нарықтың қажетін өтеуге мүмкіндік береді», — дейді премьер-министр.
Тапшылықты болдырмаудың басқа амалдары бар ма?
Экономист Ерлан Ибрагим жанармайға сұраныс пен ұсыныс оның нарықтағы бағасына әсер етуі орынды құбылыс екенін айтады.
«Көршілес мемлекеттерде түрлі себепке байланысты мұнай өнімдері қымбат, бізде арзан. Қазақстан жабық кеңістікте өмір сүрмейді, шекара ашық. Сондықтан арзан өнім сыртқа шығып, елде дефицит туындап отыр. Үкімет қазір бағаны өсірмесе, кейін қазақстандықтар жанармайды бұл бағамен мүлдем сатып ала алмай қалады. Бұл жағынан қарасақ, үкіметтің шешімі дұрыс. Дегенмен отынды көптеп өндіру, айырбас бағамының қатынасы сияқты макроэкономикаға да мән беру керек екенін ескерген жөн. Тапшылықты көбірек өнім өндіру арқылы шешуге болатын еді», — дейді экономист.
Ал экономист Руслан Рысмамбетов бұл проблеманы шешу үшін кеденді қатаң бақылау қажет екенін айтады.
«Бір қызығы, үкімет жанармай арзан болғандықтан «контрабанда» арқылы сыртқа шығарылып жатқанын айтып, кеденде осындай проблема бар екенін білетінін, оған қарсы ештеңе істемегенін мойындап отыр. Ал қазір бағаны мәжбүр болған соң өсіріп жатқаны рас шығар. Дегенмен, меніңше, тапшылықты болдырмас үшін кеденге мониторинг жүргізетін пункттер орнату керек және экспортқа қатысты қатаң шектеулер енгізу қажет. Қазақстан Кеден одағының мүшесі болса да, тыйым белгілеуге құқы бар», — дейді экономист.
«Бәрі қымбаттайды»: жанармайды қымбаттатудың салдары
Экономистердің айтуынша, жанармай бағасының өсуі елдегі кезекті инфляция толқынына әкелуі мүмкін. Азық-түлік, қызмет түрі — бәрі қымбаттайды.
Жай ғана нан пісіріп, оны тасымалдау үшін жанармай қажет. Әрине, мемлекет алғашында «тауар бағасын көтермеңдер» деп нарыққа бақылау жүргізіп, инфляцияны болдырмауға әрекет етуі мүмкін. Дегенмен бұл уақытша. Мәселен, бір адам сіріңке сатады делік. Оған бүгін-ертең бағаны көтермеуге тыйым салуға болады, бірақ бұл нәрсе сатушыны сіріңке сатудың басқа амалдарын іздеуге итермелеуі мүмкін, — дейді Ерлан Ибрагим.
Ал Руслан Рысмамбетов үкіметтің жанармай бағасын бірден 20%-ке дейін өсіргенін «асыра сілтеу» деп есептейді.
Барлық тасымал дизель отыны немесе бензин арқылы жүзеге асады. Қазақстан темір жолы, жүк көліктері, трактор дизель отынымен, жеңіл көліктер бензинмен жүреді. Жанармай 20%-ке дейін қымбаттаса, тасылмалдау қызметі, азық-түлік бағасы шамамен 5-7%-ке өседі. Мұның өзі халыққа ауыр соққы болуы мүмкін. Сол себепті жанармайды ең құрығанда, 5-10%-ке дейін қымбаттату қажет еді, — дейді ол.
Ұлттық банктің ақпараты бойынша, еліміздегі жылдық инфляция — 18,1%, базалық мөлшерлеме — 16,75%, ал мақсаты инфляция көрсеткіші — 4,5%.
Бұған қарасақ, инфляцияны болдырмау үкіметтің қолынан келмей жатыр. Үкімет елдегі инфляцияны әрдайым тоқтатуға тырысқанымен, осы күнге дейін елеулі бір нәтижеге жетпеді, — дейді Ерлан Ибрагим.
Депутат Ринат Зайытов мәжіліс отырысында жанармай бағасына қатысты «үлкен тартыс» болғанын айтады. Оның айтуынша, енді бензин, дизель отыны арзандамайды, сол себепті халықтың жалақысын көтеру қажет. Алайда экономистер үкімет барлық қазақстандықтың табысын арттыруға қауқарсыз екенін айтады.
Ерлан Ибрагимнің сөзіне қарағанда, үкімет мемлекеттік қызметкерлердің ғана жалақысын көтере алады. Жекеменшік компаниялар басшысына жұмысшыларының жалақысын көтер деп міндеттей алмайды. Сол себепті бұл — тиімсіз әдіс.
Мұның бәрі бір күнде шешілмейді. Түп-тамыры елдегі президентті, үкіметті, депутатты таңдаудан басталады. Депутаттар үкіметтен нақты амал-әрекет талап етуі қажет. Ал бізде қалай? Екі жыл ештеңе істемеген премьер-министр «өзгертеді» деп ойлап, оны орнында қалдырды. Енді ол бірдеңе істейді деп ойлайсыз ба? Өкінішке қарай, міндетін дұрыс атқара алмау, кәсіби біліктің жоқтығы сияқты мәселе бар. Қазіргі проблеманы шешу үшін 30 жыл уақытымыз болды. Мысалы, жанармай бағасын өсірмес үшін мұнай өңдейтін зауыттар салу қажет еді. Бірақ тәуелсіздік алғаннан кейін елімізде бірде-бір мұнай зауыты салынбады. Үкімет ескі зауыттарды модернизациялап жатқанын айта береді. Дегенмен біздің модернизациямыз «үйді жөндеп жатырмын» деп дәретхана төбесін әктеп қою сияқты. Осы уақытқа дейін, кем дегенде, екі-үш мұнай өңдейтін зауыт салынғанда бүгінде өнім ішкі нарыққа да жетіп, артығын сыртқа емін-еркін сататын едік, — дейді экономист.
Қазақстанда КСРО кезінде салынған үш ірі мұнай өңдейтін зауыт бар. Олар Атырауда, Павлодарда және Шымкентте орналасқан. Руслан Рысмамбетов те Қазақстанда төртінші мұнай өңдейтін зауыт қажет екенін айтты.
Жоғарыда айтқанымдай, кеденді қатаң қадағалауды, экспортқа шектеу қоюды қолға алмаса, жанармайдың бағасы тағы өсуі мүмкін, — дейді Руслан Рысмамбетов.
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің мәліметінше, республикада 309 мың тонна дизель отыны бар. Сәуірде тағы да 441 мың тонна дизель өндіріледі. Қазір дизель тұтыну көлемі – 750 мың тонна, ал болжамды тұтыну көлемі – ауыл шаруашылығы мен «Қазақстан темір жолының» қажетін қосқанда, 510 мың тоннаға жуық.
Министр Шығыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Павлодар облыстары мен Алматыдағы кәсіпорындарда отын қорының нормасы стандарттан төмен екенін айтты.
Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz