Жанармайға сұраныстың артуы: Қазақстанда жанармай неге тапшы?

Энергетика министрі Болат Ақшолақов Қазақстанның жанармай нарығындағы ағымдағы жағдайы мен жүргізіліп жатқан жұмыстары туралы айтты.

Үш мұнай өңдеу зауытында жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан кейін, мұнай өңдеу көлемі 3 миллион тоннаға өсті. Қазір жылына шамамен 17 миллион тонна шикі мұнай өнделеді (битум зауытын қоспағанда). Кейінгі бес жылда біз бензин шығару көлемін 70%-ке (3 млн. тоннадан 5 млн. тоннаға дейін), дизель отынын — 30%-ке өсірдік (4 млн-нан 5,2 млн. тоннаға дейін). Былтыр дизель отынын шығару бойынша рекордтық көрсеткіш – 5,2 миллион тоннаға жетсек те, қазіргі жағдайда еліміздің бірқатар өңірлерінде дизель тапшылығы бар. 350 мың тонна көлеміндегі дефицитті (қысқы ДТ қоспағанда) қымбат бағадағы импорттық отынмен жабуға мәжбүр болдық. Осы орайда, экономикаға маңызды өнеркәсіп секторы болып саналатын тау-кен метталлургия кешені және темір жол салаларының тұтыну көлемі сол қалпында қалды, яғни өскен жоқ, — деді министр.

Оның айтуынша, нарықтағы дизельге сұраныстың тұрақты өсу себебінің негізгі факторы транзиттік көлік ағыны, бұдан басқа Қазақстаннан шетелге сұр схема бойынша алып кетіп жатқан экспорт.

Былтыр мамандардың есептеуінше шетелдік транзиттік көлік тұтынған дизель көлемі шамамен 150 мың тонна, бұдан басқа сұр экспортпен кеткен отынның көлемі шамамен 200 мың тонна («IHS Markit» есебі бойынша). Қазақстанда дизель отыны тапшылығының басты себебі  — бағадағы диспропорция. Отандық отын бағасы көрші елдермен  салыстырғанда айтарлықтай арзан. Қазақстан – әлемдегі жанармайы арзан он елдің қатарында. Мысалы үшін, Ресейде дизель бағасы орташа есеппен литріне 345 теңге, біздегі нарық бағасынан 45%-ке жоғары. Қырғызстандағы баға 64%-ке жоғары, яғни литріне 390 теңге, Өзбекстандағы баға бізбен салыстырғанда екі есеге жоғары — литріне 480 теңге, бағамыздағы айырмашылық  — 101%, — деді Болат Ақшолақов.

Министрдің айтуынша, көрші елдердегі жағдай Қазақстанның ішкі нарығына да әсер етіп отырады.

Мысалы, былтырғы наурызда Ресейдегі бөлшек саудадағы дизель отынының бағасы Қазақстандағы бағамен теңесіп, арзандаған еді. Нәтижесінде біз Ресеймен шекаралас жанармай станцияларында отынды сату көлемі азайғанын байқадық, демек Қазақстаннан жанармай шығару экономикалық тиімсіз болды. Бірақ бір айдан кейін көрші елдердегі баға күрт көтерілген кезде, біз дизель өндіру көлемін арттырсақ та, күз айларында оның тапшылығын қайта көрдік. Биыл да бағадағы айырмашылық сақталып отыр. Нәтижесінде былтырғы наурыз айымен салыстырғанда тұтыну көлемі 15%-ке артқанын көріп отырмыз. Бұл жағдай сақтала берсе, онсыз да шетел асып отырған қазақстандық дизельдің көлемі арта түсіп, биылдың өзінде 850 мың тонна дефицитке тап болуымыз мүмкін. Алдыңғы жылдары тапшылықты өндіру көлемін арттыру арқылы жауып отырсақ, қазір отандық мұнай зауыттары максимальді режимде жұмыс жасап тұр. Алдағы алты жылда дизель көлемін бірнеше есе арттыратын мүмкіндік жоқ (Шымкент зауытын кеңейткенше). Аталған себептерге байланысты Қазақстан арзан отынмен басқа елдердің экономикасын субсидияландырып, өз ұлттық мүддесіне зияны тиіп жатыр деп айтуға толық негіз бар, — деді Болат Ақшолақов.

Осыған байланысты түрлі шаралар қабылданғанды:

  • жанармайды темір жол және көлікпен шығаруға тыйым салынды;
  • ресурс иелеріне жанармайды тікелей жанармай станцияларына сатуға міндеттейтін заңнамалық нормалар қабылданды;
  • мұнайды жеткізу және мұнай өнімдерін сату кезіндегі өнімсіз делдалдар алынып тасталды.

Ағымдағы төмен бағаларды сақтап отырсақ, біз қанша жанармай өндірсек те, барлық сұранысты қамтамасыз ете алмаймыз, бұл бір. Екінші, бағалар арасындағы айтарлықтай айырмашылыққа байланысты көрші елдерге «ағын» жалғаса береді, оның көлемі арта түседі. Ешқандай шектеулер күтілген нәтиже бермейтіні анық. Үшінші, жанармай бағасындағы диспропорция «көлеңкелі» нарықты дамытып, ұлттық экономикаға/мүддеге кері әсерін тигізеді. Төртінші, жанармайға төмен бағаның сақталуы мұнай-газ саласына инвестиция тарту, оны дамытуға, геологиялық барлау жұмыстарын жүргізіп, ресурстық базаны толықтыруға мүмкіндік бермей отыр, — деді министр.

Ішкі нарықтағы жанармай жағдайын тұрақтандыру үшін Қазақстанның көрші елдермен салыстырғандағы бағадағы айырмашылықты төмендету қажет:

  • АИ-92 и АИ-93 маркалы бензинге бағаны литріне 182-187 теңгеден 205 теңге қылу (өңірге байланысты), өсім – 11%;
  • дизель отынының бағасын литріне – 295 теңгеге, орташа есеппен өсім – 20%. Қазір өңірге байланысты баға 230 теңгеден 260 теңгеге дейін.