Басты бетЖаңалықтарҚайрат Боранбаев...

Қайрат Боранбаев сот алдындағы соңғы сөзін айтты

Бүгін елорданың Сарыарқа аудандық №2 сотында Қайрат Боранбаев соңғы сөзін сөйледі.

Құрметті сот, сізге құқығымды қорғау үшін жүгінемін. Бұл істе прокурорлардың өз қателіктерін мойындауға батылдығы жетпеді. Осы орайда сот жіберілген қателіктерді түзетуге, әділдік пен заңдылықты қалпына келтіруге батылдығы жетеді деп үміттенемін. Өз қатесін мойындай алса, ол еркін адам, – деді Қайрат Боранбаев сот алдында.

Сонымен қатар айыпталушы «АзияГазЧунджа» және Qazaq Gaz арасындағы мәміледен мемлекетке шығын келген болса, оны өтеуге дайын екенін айтты.

Құрметті сот, сіз заң өкілісіз. Біздің ісімізде ұрандатушылық жоқ, біз жасаған мәміле тек коммерциялық сипатқа ие. Тергеу басталғаннан бері «АзияГазЧунджа» және Qazaq Gaz арасындағы мәмілені коммерциялық және заңды деп санап келдім, мүмкін мен қателескен шығармын. Сондықтан егер Qazaq Gaz мемлекет атынан бұл мәміледен шын мәнінде залал келтірілді деп есептесе, онда мен тергеу кезінде тапқан табысымды қайтаруға дайынмын. Бүгінде залал толық көлемде өтелді. Осы орайда заңды шешім қабылданады деп үміттенемін, — деді Қайрат Боранбаев.

Еске салайық, Астанада Қайрат Боранбаевқа қатысты сот отырысы былтыр желтоқсанда басталған еді. Қаржы мониторингі агенттігі Қайрат Боранбаевтың үстінен квазимемлекеттік секторда аса ірі көлемде қаражат жымқыру фактісімен іс қозғап, изоляторға қамады.

Кейін Қайрат Сатыбалды мен Қайрат Боранбаевтың сыртқа заңсыз шығарылған активтері қайтарыла бастады.

Прокурор Қайрат Боранбаевты сегіз жылға бас бостандығынан айырып, мүлкін тәркілеуді сұрады.