«Әйгілі кезбе күйші Ұзақ Бөкей ордасы ауылына тоқтайды. Ол балаларға шытырман оқиғалары мен саяхаты жайлы баяндайды. Ұзақтың домбыра тарту шеберлігі мен таңғажайып әңгімесі сондағы бір баланы шабыттандырады. Бұл Құрманғазы еді. Ол Ұзақ орындаған бір күйді қайталап, таң-тамаша етеді. Күйші Құрманғазыға батасын беріп, бар білгенін үйретеді. Осылайша, ұстаз бен болашақ ұлы күйші бірін бірі табады». Бұл — Tasqyn студиясы дайындаған көпсериялы «Дала шырқауы» мультфильмінің алғашқы бөлімінің сценариі. Мульсериалда Құрманғазының өмірі мен оның күйлерінің тарихы баяндалады. Авторлар келесі маусымда қазақтың өзге күйшілері туралы да баяндап беруді жоспарлап отыр.
Сценарий авторы және жобаның арт-директоры Санжар Жүсіп  Baribar тілшісіне студияның жаңа өнімі туралы айтып берді.

— Санжар мырза, қазіргі қазақ тойларында етті ортаға алып шыққанда күй қойылып жатады. Күйді естігенде бірден ас әкеле жатқанын білеміз. Бұл сізді ренжітпей ме?

— Дәл осы жайт бізге «Құрманғазы» мультсериалын жасауға себеп болды. Бәріміз кішкентай кезімізден тойларда, мейрамдарда «Сарыарқа», «Адай» деген сияқты күйлерді естіп келе жатырмыз. Алайда бұл күйлердің тарихын — қашан шыққанын, қалай пайда болғанын көпшілік біле бермейді. Ал бұл бізді қынжылтады. Сол себепті балалар анимация арқылы күйлердің тарихын жастайынан білсін деп, осы жобаны қолға алдық. Әзірше алғашқы бөлімі шықты, жуырда екінші бөлімін жариялаймыз.

— Мульсериалдың алғашқы бөлімінде Құрманғазыны күйшілік өнерге Ұзақ Мырзабайұлы баулығаны туралы айтылады. Ал Құрманғазының әкесі оның таңдауына қарсы болған дейді. Мультсериалда күйші туралы, қазақ күйінің тарихы туралы бұрын-соңды естіп-білмеген қандай деректер айтылады және мұны қалай жинадыңыздар? Сценариді жазғанда көңілге күдік ұялатқан тұстары болды ма?

— Әуеліде Құрманғазы және оның өмірі туралы деректерді интернеттен іздедік, алайда кейбірі бір-біріне қарама-қайшы болды. Көп жағдайда мәліметтер сәйкеспей жатты. Оның әрқайсын сүзгіден өткізіп, қайсы шын, қайсы өтірік деп зерттей бастадық. Сол кезде Құрманғазы оркестрінің дирежеры Абылай Тілепбергенмен таныстық. Сол кісіден Құрманғазының өмірі мен оның шығармашылығы, күйлерінің тарихы туралы сұрап-білуге тырыстық. Абылай мырза бізге мұны қандай дереккөзден, кітаптан алуға болатынын да айтып берді.

Сол кезде мынадай ой туды: бізге күйлеріміз бен олардың тарихы туралы мәлімет жетпей қалуы мүмкін еді. Мысалы, қырғыздарда бүгінге дейін бар-жоғы 100-ге жуық күй жеткен. Неге? Өйткені олар мұны кезінде сақтап қала алмады. Қазақ-қырғыз көшпенді халық болды, жазу-сызу мәдениеті кейінірек қалыптасты, ал күйлер ауыздан ауызға тарап қана бүгінге жетті. Ал бізде мұны жазып алып, нотаға түсіріп алған адамдар болды.

Құрманғазы туралы ең алғаш айтқан Дина Нұрпейісова екен. Ол күйші туралы көп ақпаратты сақтап қалған. Жобамыздың соңғы, 13-бөлімі Дина Нұрпейісоваға арналады. Оның Құрманғазыға арнап жазған күйі де бар.

Сонымен бірге Құрманғазы туралы деректерді жинауға туыстарым да көмектесті. Күйшінің шыққан тегі — Кіші жүздің ішінде Байұлынан тараған Қызылқұрт. Өзім де осы рудан тарағанмын. Ата-әжелерім, шежірені білетін басқа да кісілер күйші туралы айтып берді.

Құрманғазы
«Дала шырқауы» мультсериалының кадры

— Алғашқы бөлімді көргендердің кейбірі мұны «слайд-шоу» деп бағалаған екен. «Мәтінде келтірілген деректерді жағымды дауыспен тамаша етіп жеткізуге болар еді» деп пікір жазған. Бұған қатысты не айтасыз?

— Мұндай пікірге дайын болғанбыз. Біз мұндағы әр кадрдың әдемі, шынайы болуы үшін әуелі кейіпкерлерді, әр ұсақ-түйекті салып аламыз. Бұл — өте күрделі жұмыс. Содан кейін ғана бұған іс-қимыл береміз.

Ал «слайд-шоу» дегенге қатысты айтсақ, біз бұл сынды қабылдадық, мультсериалдың келесі бөлімдері міндетті түрде дыбысталады.

— Құрманғазы күйлерінің негізгі тақырыбы – сол кездегі үстем тапқа деген ыза-кек, әділетсіздікпен күрес. Шаруалар көтерілісін, Исатай мен Махамбетті қолдағаны үшін оның соңына түскені және бірнеше рет түрмеге жатып шыққаны туралы дерек бар. Жалпы көпшілік мультсериалда Құрманғазыны диссидент-күйші, қайраткер ретінде көре ала ма? Бұл жөнінде айтыла ма?

— Біз негізінен бұл жобада Құрманғазының кім екеніне көбірек назар аударғымыз келді. Сценарий жағынан оның өмірін толықтай бір сериалға сыйдыру оңай емес.

Иә, Құрманғазы өмірінің көп бөлігін түрмеде өткізді. Бұл қазақ халқынының отарланып, сол отардың небір нәубетін көрген өте қиын шақ еді. Біздің жобамызда да Құрманғазының түрмеге қамалған кезін суреттейтін кездер бар. 13 бөлімді дайындап болғаннан кейін арнайы шығарылым дайындаймыз. Сол кезде күйшінің қайраткерлігі туралы қызық деректерді қосатын шығармыз.

— Жобамен айналысып жатқан команда туралы айтып беріңізші…

— Мультсериалдың әр бөлімінде 20-дан астам адам жұмыс істейді. Бірінші бөлімді дайындап шығаруға жарты жылдай уақыт кетті. Кейінгілерін екі-үш айда дайындап жатырмыз. Өйткені әуеліде студиямызда қызметкерлер аз болды. Қазір командамыз толығып, жұмысымыз да бір ізге түсіп, реттеліп жатыр.

Сонымен бірге өзге елдердегі табысты компаниялардың, студиялардың тәжірибесін де енгізіп жатырмыз. Біз тек анимациялық студиялардың емес, IT-компаниялардың да заманауи жүйелерін де қолдануға тырысып жатырмыз. Командамыз — кілең жастар. Анда-санда қиындықтарға тап боламыз, өйткені тәжірибеміз аз, бірақ соған қарамастан еңбек етіп жатырмыз.

— Әңгімеңізге рақмет!