Басты бетЖаңалықтарAmanat партиясы...

Amanat партиясы үгіт-насихат плакаттарын жинау акциясын бастады

Бүгін 20 мыңға жуық партия мүшесі, «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері мен Amanat жақтастары үгіт материалдарын жинауға арналған ауқымды акцияға кірісті.

Amanat-тың атқарушы хатшысы Елнұр Бейсенбаевтың айтуынша, бір айға созылған сайлау науқанында барлық саяси партия  мен бірмандатты округтер бойынша кандидаттар үгіт-насихат жұмысын белсенді жүргізіп, бүкіл елімізде бірнеше миллион плакат жапсырған.

Енді сол жапсырылған үгіт-насихат материалдарының барлығын жинап, тазалауымыз керек. Оларды қайта өңдеуге жіберуге болады. Бұл коммуналдық қызметтің жұмысын сәл де болса жеңілдетуге септеседі. Мұндай іс-шаралар қоғамға қоршаған ортаны ұқыпты ұстаудың қаншалықты маңызды екенін көрсетіп, экологиялық мәдениеттің тұрақты моделін қалыптастыруға көмектеседі. Осы бастаманы партия төрағасы Ерлан Қошанов жақында өткен «Халықпен бірге!» форумында айтқан еді, — деді Елнұр Бейсенбаев.

Amanat партиясы
Фото: Amanat партиясы

Айта кетейік, плакаттарды жинау жұмысы еліміздің барлық өңірінде жүріп жатыр. Бұл істен Атырау қаласындағы партиялықтары да шет қалмады. Белсенділер базарлардағы, сауда орталықтарындағы және тұрғын үйлердің аулаларындағы үгіт-насихат плакаттарын жинап жатыр.

Қағаз қалдықтары бүкіләлемдік қоқыс көлемінде төртінші орында тұр. Біз плакаттарды жинау жұмысын тек облыс орталығында ғана емес, жалпы облыс бойынша, аудандарда да жүргіземіз. Оларды макулатура қабылдау пункттеріне тапсырамыз, деді «Жастар Рухы» Атырау облыстық филиалының төрағасы Абылай Құрметұлы.

Amanat партиясы
Фото: Amanat партиясы

Акцияға шымкенттіктер де қосылды. Онда қалалық саябақтар мен алаңдардағы стендтерден плакаттар алынып тасталады.

Үгіт-насихат барысында партия мен жастар қанатының 580-ге жуық мүшесі 350 мыңнан астам материал таратты. Енді бәріміз соларды жинауға кірістік. Осылайша, қаламызда тазалықтың сақталуына өз үлесімізді қосамыз, — дейді «Жастар Рухы» ЖҚ-ның белсендісі Тұрсынбек Бақытжан.

Amanat партиясы
Фото: Amanat партиясы