Мәжіліс және мәслихатты сайлауда қанша қазақстандық дауыс берді?

Орталық сайлау комиссиясы 22:00-дегі жағдай бойынша мәжілісті және мәслихат депутаттарын кезектен тыс сайлауда дауыс берген азаматтардың санын жариялады.

Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және елорданың аумақтық комиссиялары ұсынған деректерге сәйкес, 2023 жылғы 19 наурызда Астана уақытымен сағат 22:00-дегі жағдай бойынша тізімдерге енгізілген азаматтардың жалпы санының 54,19%-і немесе 6 521 860 азамат бюллетень алды, — деді орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров.

Өңірлер бойынша:

  1. Абай облысы бойынша – 57,02%
  2. Ақмола облысы бойынша – 60,01%
  3. Ақтөбе облысы бойынша – 58,00%
  4. Алматы облысы бойынша – 60,03%
  5. Атырау облысы бойынша – 51,23%
  6. Батыс Қазақстан облысы бойынша – 59,20%
  7. Жамбыл облысы бойынша – 65,21%
  8. Жетісу облысы бойынша – 55,32%
  9. Қарағанды облысы бойынша – 59,48%
  10. Қостанай облысы бойынша – 65,10%
  11. Қызылорда облысы бойынша – 67,21%
  12. Маңғыстау облысы бойынша – 54,10%
  13. Павлодар облысы бойынша – 58,68%
  14. Солтүстік Қазақстан облысы бойынша – 65,25%
  15. Түркістан облысы бойынша – 53,01%
  16. Ұлытау облысы бойынша – 58,99%
  17. Шығыс Қазақстан облысы бойынша – 64,15%
  18. Астана қаласы бойынша – 42,91%
  19. Алматы қаласы бойынша – 25,82%
  20. Шымкент қаласы бойынша – 45,46%

Өңірлер арасында Қызылорда, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстары жоғары белсенділік танытты. Бұл өңірлерде сайлаушылардың 65%-тен астамы өз таңдауын жасаған.

Ал республика бойынша ең төмен көрсеткіш әдеттегідей Алматыда тіркелді. Тұрғындардың небәрі 25,82%-і ғана дауыс берген. Астана мен Шымкент қалаларында да дауыс бергендер саны 50%-ке жетпеді.

Дауыс берудің алдын ала қорытындысын орталық сайлау комиссиясы ертең жариялайды.