Автокөлікті техникалық байқаудан дұрыс өткізбеген орталықтарға қатысты жауапкершілік күшейтіледі. Бұл туралы премьер-министр Әлихан Смайылов мәлімдеді.
Міндетті техникалық байқау саласында жауапкершілікті күшейту мақсатында тиісті кодекске өзгерістер енгізіліп жатыр, — деп жазды Әлихан Смайылов депутаттық сауалға берген жауабында.
Оның сөзіне қарағанда, автокөлікті қарамай, жабдықтарын тексермей рұқсат құжатын беру деректері ерекше бақылауда болады.
Сонымен қатар құжатта техникалық байқаудан жалған куәлік алуға тырысқан автокөлік иелері де жауапқа тартылатыны, яғни айыппұл салу қарастырылатыны жазылған. Мұндай жағдай тіркелсе, «Техникалық байқау» бірыңғай ақпараттық жүйесінің операторына қатысты жауапкершілік мәселесі пысықталып жатыр.
