Алматыда ескі ғимараттар қайта жаңарады

Алматыда бұрынғы теміржол ауруханасының орнына «Қалалық балаларды оңалту орталығы» ашылады. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев Алмалы ауданы тұрғындарымен кездесу кезінде айтты.

Қала әкімімен кездесуге келген тұрғындардың бірі бұрынғы теміржол емханасына қатысты мәселе туралы айтты.

Мен сәулетші ретінде бұрынғы теміржол емханасының тағдырына алаңдаймын. Қазір ғимарат шатырсыз тұр. Оның тағдыры не болады?, — деп сұрады Алмалы ауданының тұрғыны.

Алматы әкімі Ерболат Досаев биыл аталған ғимаратты күрделі жөндеуден өтетінін мәлімдеді.

Жұмыстар сәулет ескерткішін қалпына келтіруге және сақтауға қойылатын барлық талаптарды ескере отырып жүргізіледі. Біз жөндейміз, бәрін ретке келтіреміз. Балаларға арналған заманауи орталық құрайық. Бұл жағдайда біз ғимараттың жалпы көрінісін сақтаймыз. Ғимараттың жөндеу жұмыстары IV тоқсаннан басталады, — деді қала басшысы.

Бұдан бөлек, ол жыл соңына дейін Әйтеке би көшесіндегі ескі ғимаратты бұзып, ревматологиялық орталықтың орнында 500 келушіге арналған жаңа емхана салу жобасы әзірленетінін айтты. Құрылыс 2024 жылы басталады.