Бұл туралы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мәлімдеді.
Бағдат Мусин Instagram-парақшасында жаңа функцияның бүгін, 1 наурызда іске қосылатынын айтты.
Бірнеше ай бұрын елордалық әскери комиссариаттардың біріне барып, қорғаныс министрлігінің өкілдерімен бірге осы саланы цифрландыру жоспарларын талқылағанбыз. Сонда көтерілген мәселелердің бірі — әскерге шақырылатын жастарды әскери қызметке шақырудан босату немесе кейінге қалдыру мақсатында талап етілетін анықтамалардан арылту болатын. Ол үшін бірнеше жүйені біріктіру қажет еді. Араға уақыт салып, бірлескен жұмыстың арқасында нәтижеге қолжеткіздік. Мәселен, биыл 1 наурызынан бастап азаматтар толып жатқан анықтамалар мен құжаттарды ұсынбай, әскери қызметті өткеру туралы өз статусын бір жүйеден біле алады, — деп жазды министр.
Министрдің айтуынша, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ және қорғаныс министрлігімен бірлесіп, қазақстандықтарды әскерге шақырудан босату және кейінге қалдыру туралы ақпарат беретін проактивті мемлекеттік қызметті іске қосқан.
Әскерге баруға міндетті ер адамдарға, яғни 18-27 жастағы азаматтарға әскерден босату немесе кейінге қалдыру бойынша тиісті ақпарат телефондарына хабарлама ретінде жолданады. Мобильді азаматтар базасында тіркелген қазақстандықтар ғана хабарлама алады, — делінген жазбада.
Қазір 300 мыңнан аса әскерге шақырылушы 1414-тен ЅМЅ хабарламалар алып үлгерген.
