Саяси партиялардың сайлау рейтингісінде «AMANAT» 58,4% көрсеткішпен көш бастап тұр

Қазақстандықтардың  электоралдық көңіл-күйін зерттеу мақсатында Астана, Алматы, Шымкент қалалары және 17 облыс аумағында жүргізілген сауалнамада 18 жастан асқан 8000 респондент қамтылған.

Саяси партиялардың әлеуетті сайлау рейтингісінде  58,4% көрсеткішпен «AMANAT» партиясы өзге партиялардан оқ бойы озық тұр. Сауалнама нәтижесі бойынша, «AMANAT» партиясынан кейін қажетті 5% шекті мөлшерді «Ақжол» (5,4%), «Халық партиясы» (5,2%) және «Ауыл» (5,1%) еңсерген. Қалған партиялар көрсеткіші «Respublica» (4,2%), «ОСДП» (3,8%), «Байтақ» (1,8%) құраған. Респонденттердің 2,2% барлығына қарсы.

Сауалнамаға сүйенсек, сайлаушылардың басым бөлігі, яғни 67,4% дауыс беруді өздерінің азаматтық борышы санайды. Сондай-ақ, сауалнама жүргізілген сәтте сайлауға қатысудың әлеуетті деңгейі 65,2% құраған.

Аталған ақпаратты өз парақшасында жариялаған Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Нәйлә Мұхтарова «Кейбір елдерде (Австралия, Бельгия) дауыс беру міндетті болғанымен, сайлауға қатысу тарихта ешқашан 100%-ға жеткен емес», — деп әлемдік статистиканы мысалға ала отырып, «Зерттеу кезінде электоральды кезеңнің басталамағанын ескерсек, қорытынды жаман емес. Демек, сайлауға қатысу әлеуеті одан да жоғары болмақ», — деген тұжырым жасаған.

Ал партиялардың үгіт-насихат жұмыстары қаншалықты тиімді болды? Оның ықпалымен, аталған рейтинг көрсеткішінде өзгерістер бола ма – ол сайлау кезінде белгілі болмақ.

ДереккөзQogamnews.kz