Атауы өзгерген Amanat партиясынан қоғам өкілдері не күтеді?

Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының ғылыми қызметкері Индира Рыстинаның сөзінше, партияның мүшесі көп, сол себепті саяси ұйым олардың ойымен санасуы керек.

Партияның аудиториясы кең, мүшесі көп, электораты бар. Партия осы аудиторияның ойын жинап, мәселелерді саралап, өкілетті каналдары арқылы шешуге тырысса, қоғамдағы қызуы жоғары нүктелерді азайта алады, — деді Индира Рыстина.

Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бас сарапшысы Никита Шаталовтың пайымынша, партияның сайлаушылармен арадағы қарым-қатынасы пікірсайыс арқылы өтуі керек.

Саясаттың қалыпты ережелері бойынша әрекет етудің, адамдармен, журналистермен, қоғам өкілдерімен сөйлесуден қорықпауы қажет, — дейді сарапшы.

Актер, Темірбек Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Азамат Сатыбалды депуттар халыққа жақын болуы керек дейді.

Депуттар қарапайым халықтың ішіне барып, проблеманы көріп қана қоймай, сезінуі керек. Тек сол кезде халыққа қажетті, елдің дамуына ықпал ететін заң шығарады,- дейді Азамат Сатыбалды.

БҰҰ адам құқықтары жөніндегі комитетінің бұрынғы мүшесі, заң ғылымдарының докторы, профессор Марат Сәрсембаев та партияның келешегі оның құрамындағы адамдарға байланысты екенін айтып отыр.

Партия әрі қарай алға қалай жылжуы мүмкін дегенге келсек, көп дүние құрамындағы адамдарға байланысты. Оның үстіне, бұл билік партиясы болып есептеледі. Партия құрамы қазіргіден де жаңарады деп үміттенеміз, — дейді ғалым.

ДереккөзInform.kz