Антикордың екі қызметкері ауыл әкімдерінен пара талап еткен

Бұл туралы бас прокуратура хабарлады.

Пара бопсалау фактілері Түркістан облысы Жетісай ауданының ауылдық әкімдіктерінде анықталды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің өкілдері Жетісай ауданының ауылдарына тексеріспен барған. Олар ауылдық округтердің әкімдерін қылмыстық жауапқа тартамыз деп қорқытып, ақша талап еткен. Олардың тұрақты талаптарынан кейін әкімдік қызметкерлері тексерістің оң шешімі үшін тексерушілерге 400 мыңнан 630 мың теңгеге дейін пара беріп, кейін сол үшін ұсталған, — деп мәлімдейді бас прокуратура.

Салдарынан жеті ауылдық округтің әкімдері мен әкімдіктің бір есепшісі әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды және айыппұл арқалады. Алайда бас прокурордың наразылығымен жоғарғы сот оларды толығымен ақтап шықты. Өйткені Антикор өкілдерінің іс-әрекетінде тікелей арандатушылық бар екені анықталған.

Осыдан кейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің екі жедел уәкіліне қатысты қылмыстық кодектің 362-бабы 4-бөлігі (билiктi және лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Тергеуді бас прокуратураның арнайы прокуроры жүргізді. Олар күдіктілердің кінәсін толығымен дәлелдеп, қылмыстық іс сотқа жолданды.

Жетісай аудандық сотының үкімімен ауыр санаттағы қылмысты жасағаны үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің бұрынғы қызметкерлері арнайы шендерінен айырылып, әрқайсысы 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Сонымен қатар жәбірленушілердің пайдасына моральдық залал өндірілді. Үкім заңды күшіне енген жоқ, сотталушылар шағым түсірді, — делінген хабарламада. 

Бас прокуратура қылмыстық қудалау органдарының қызметкерлері тарапынан арандату фактілерін болдырмауға бағытталған жұмыс одан әрі жалғасатынын атап өтті.

«Жедел-iздестiру қызметi туралы» заңының 15-бабы қылмыстық қудалау органдарының қызметкерлеріне азаматтарды құқықбұзушылыққа итермелеуге және арандатуға тікелей тыйым салады.