Түркия мен Сириядағы жер сілкінісінен қаза болғандар саны 40 мыңнан асты

Бұл туралы Al Jazeera арнасы хабарлады.

Түркия билігінің мәліметінше зілзаладан 35 418 адамның мәйіті табылды. Ал Сирия билігі 5 800-ден аса адам қаза болғанын хабарлады. Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Түркияда үйінді астынан сегіз мыңнан аса адам тірі шығарылғанын айтты.

БҰҰ мәліметінше, жер сілкінісінен кейін Сирияда 5,3 миллионға жуық адам баспанасыз қалуы мүмкін. Түркия мен Сирияда 900 мыңға жуық адам ыстық тамаққа мұқтаж.

Айта кетейік, 6 ақпанда Түркияның оңтүстік-шығысында магнитудасы жеті балдан асатын екі жер сілкінісі болды (жергілікті уақыт бойынша 04:17-де – 7,7 балл және 13:24-те – 7,6 балл). Дүмпу елдің 10 провинциясында, сонымен қатар шекаралас Сирияда да сезілді.