Денсаулық министрі: Қазақстан Түркияға дәрігерлерді жіберуі мүмкін

Біз бірінші кезекте табиғи апаттан зардап шеккендерге медициналық және дәрілік көмек көрсетуге дайын екенімізді білдірдік. Қазір құрамында Қазақстанның төтенше жағдайлар министрлігі апаттар медицинасы орталығының медицина қызметкерлері бар құтқарушылар жасағы Түркияға ұшып кетті. Егер Қазақстан тарапынан медициналық көмекті күшейту қажет болса, Түркияның зардап шеккен аудандарына жіберілетін дәрігерлер бригадасы жасақталды, — деп жазды министр әлеуметтік желідегі парақшасында.

Оның айтуынша, Түркиядағы жойқын жер сілкінісінің ауқымы мен көптеген адам шығыны бүкіл әлемді дүр сілкіндірді.

Медицина қызметкерлері табиғи апат салдарынан қаза болған азаматтарды түрік халқымен бірге аза тұтады. Үйінді астында қалған адамдардың тезірек құтқарылуын, жаралылардың сауығып кетуін және қираған қалалардың қалпына келуін тілейміз, — деп жазды министр.

Еске салайық, дүйсенбіде Түркияның оңтүстік-шығысында магнитудасы 7,7 балға жеткен жер сілкінісі болды. Біраз уақыттан кейін жер дүмпуі қайталанды. Соңғы мәліметтер бойынша, Түркияда 3,3 мыңнан астам адам қаза болып, 20 мыңнан астамы жараланған.