Түркияда зілзала құрбандарының саны 3 мың адамға жетті

Түркия төтенше жағдайлар басқармасының (AFAD) басшысы Юнус Сезардың сөзінше, 15 834 адам жарақат алған.

Түркия вице-президенті Фуат Октай үйінді астынан 7 840 адам аман шығарылғанын мәлімдеді. Сонымен қатар ол 338 мың адам жатақхана, университет пен түрлі орналастыру орындарына жайғастырылғанын айтты.

Президент Режеп Тайип Ердоған Түркияда жеті күнге жалпыұлттық аза тұту күнін жариялады. Ел аумағында барлық мемлекеттік тулар түсірілді.

Түркияның оңтүстік-шығысында бір тәулік ішінде магнитудасы жеті балдан жоғары екі жер сілкінісі (жергілікті уақытпен 04:17-де – 7,7 балл, 13:24-те – 7,6 балл) болды.

Түркия билігі жерасты дүмпуінің қайталануынан қауіптеніп, тұрғындардан үйлеріне қайтпауды сұрады.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Режеп Тайип Ердоғанға көңіл айту жеделхатын жолдап, ел үкіметіне Түркияға шұғыл көмек беруді тапсырды.

Қазақстан ТЖМ құтқарушылары Алматыдан жер сілкінісі салдарын жоюға көмек беру үшін Түркияға аттанды.