Түркиядағы жер сілкінісінен қаза болғандар тізімінде қазақстандықтар жоқ

Бұл туралы сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді.

Түркия Республикасындағы елшілігіміздің ақпаратына сәйкес, Астана уақытымен сағат 15:00-дегі жағдай бойынша Түркияның оңтүстік-шығысындағы қуатты жер сілкінісінен кейін Қазақстан азаматтарынан өтініш түскен жоқ. Консул Түркияның төтенше жағдайлар жөніндегі басқармасымен үнемі байланыста отыр. Қазіргі уақытта зардап шеккендер немесе қаза болғандар тізімінде Қазақстан азаматтары жоқ. Сонымен қатар қирандылардың өте көп болуына байланысты құтқару жұмыстарының жалғасып жатқанын ескерген жөн, — деді Айбек Смадияров ведомствода өткен брифинг барысында.

Еске салайық, Түркияның Кахраманмараш провинциясында болған жер сілкінісінің құрбаны болғандар саны 912 адамға жетті, 5 385 адам жарақат алған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке Түркиядағы зілзалаға қатысты шұғыл көмек көрсетуді тапсырды.