— Журналистермен кездеспейтін әкім кім?

— Даниал Ахметов (ШҚО әкімі).

— Жұрт коронавирустан өліп жатқанда ауқымды отшашу жасаған кім?

— Алтай Көлгінов (Астананың бұрынғы әкімі).

— Наурызды тойлауға жарты миллиард теңге жұмсаған кім?

— Мұрат Әйтенов (Шымкенттің әкімі).

Бұл сұрақ-жауап жалғасып кете береді. Бүгінгі материалда Шығыс Қазақстан облысы, Астана мен Шымкент қалалары әкімі туралы айтамыз. 

Даниал Ахметов

Даниал Ахметов
ШҚО әкімі Даниал Ахметов ©tengrinews.kz

Даниал Ахметов — Шығыс Қазақстан облысының әкімі. Бұл қызметте 2014 жылдан бері (8 жыл) отыр. Демек, ол — елімізде бір жерге ұзақ жыл әкім болған жалғыз адам. Оған қоса, баспасөз хатшысы жоқ жалғыз әкім деуге болады.

Журналистермен кездеспейтін әкім

Журналист Асхат Ниязовтың «Обожаю» деген YouTube-каналы бар. Ол каналға 2022 жылғы 22 желтоқсанда «Даниал Ахметов. 8 лет у власти ВКО» деген видео жүктеді. Журналист Шығыс Қазақстанға осы түсірілім үшін арнайы барып қайтты, бірақ облыс басшысымен кездесе алған жоқ. Сөйтсе де, бес сұрақ жазып қалдырып кеткен. Ол сауалдарға әлі жауап алған жоқ.

Бір апта бұрын Асхат Ниязовтың әріптестері Даниал Ахметовті үкімет отырысында жолықтырып қалды. Онда әкімнен не себепті Асхат Ниязовпен кездеспейтінін сұрады. Бұл сауалға әкім былай деп жауап берді:

Өкінішке қарай, ол менімен кездеспей қашты, Риддерге сапарға да барудан қашты.

Бұл жауапты естіген Асхат Ниязов Instagram-парақшасына видео жүктеп, былай деді:

Құрметті Даниал Кенжетайұлы, қай қалаға, қай жерге, қашан бару керек екенін айтыңыз. «Сізден қашып кетпес» үшін интервью жазайық.

Риддер жылу электр орталығы: біресе апат, біресе өрт

Риддер — Шығыс Қазақстан облысына кіретін қала. 2022 жылғы 5 қарашада «Риддер ЖЭО» АҚ-да апат болып, салдарынан 22 мың адам жарықсыз қалды және осынша халыққа берілетін жылу төмендетілді. 2 күн өткен соң орталықта тағы да апат болды.

Ал 2023 жылғы 19 қаңтарда сол Риддердегі ЖЭО-дан өрт шықты. Орталық басшысы Әл-Таир Сыздықов жылу беретін цехта өрт болғанын растады. Өрттен ешкім қаза болмады. Жылу беру жұмысы қалпына келтірілгенше жылу желілерінің температурасы уақытша төмендеді. Сөйтіп, халық тағы да біраз уақыт жылусыз отырды.

24 қаңтарда ЖЭО жаңа меншік иесіне өткені хабарланды. Облыс әкімі Даниал Ахметов оның Қазақстан инвесторы екенін ғана айтты. Қалған келісімшарт ақпараты құпия болып саналады. Бұл компания ЖЭО-ның толық жөнделуіне 7 миллиард теңге жұмсайды.

Облыс әлі түсті металға тәуелді

Шығыс Қазақстанда тұратын журналист Денис Данилевский облыс әкімі осы 8 жылда мардымды шаруа бітірмеді дейді. Оның айтуынша, облыс әлі күнге дейін түсті металлургияға тәуелді. Демек, бұл — ірі моноаймақ.

Экономиканы әртараптандыру туралы әңгімеге қарамастан, ШҚО-да осы уақытқа дейін бір де бір кәсіпорын, бір де бір өндіріс өнеркәсібі салынбады. Онымен қоймай, мемлекет еліміздегі алғашқы автоқұрастыру зауыты «Азия автоны» әдейі құртты. Мұны республикалық мекеме құртқанымен, Даниал Ахметов зауытты сақтап қалуға әрекет қымлады. Бұл зауыт 5 мың адамды, олардың отбасын асырап отыр еді, — дейді журналист.

Шығыннан шығын

Өскеменде инженер-коммуникциялық инфрақұрылым жобасы келісім бойынша, 2,4 миллиард теңге тұрған еді. Қосымша келісімнен кейін жоба 4,5 миллиард теңгеге дейін өсті. Ал  Семейдегі мәдени-спорт кешені құрылысына 18,284 миллиард теңге жұмсалатын болған. Қосымша келісім жүріп, бұл баға 26,825 миллиард теңгеге дейін өсіп кеткен.

Шығынның ұлғаюына қатысты бұл жағдай Ертіс өзені көпірін реконструкциялау кезіндеде болған. Жоба құны 2,5 миллиард теңгеден, 10,8 миллиард теңгеге өсті. Әкімдік мұндай шығын себебі бұрынғыдай алты жолақ емес, енді сегіз жолақ жөнделетіндіктен деп түсіндірген.

Оған қоса, құрылыс материалдары қымбаттап, жұмыс бағасы артып кеткен деп жауап берген.

Алтай Көлгінов

Алтай Көлгінов
Алтай Көлгінов. Фото: Батыс Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Алтай Көлгінов — Астананың бұрынғы әкімі. 2019 жылғы маусым мен 2022 жылғы желтоқсан арасында осы қызметте отырды. Қазір премьер-министрдің орынбасары болды.

LRT, «ол — таусылмайтын әңгіме»

LRT жерүсті метросы 2011 жылдан бері салынып жатыр. Одан бері Астанада сегіз әкім ауысты. Қазіргі әкім, Жеңіс Қасымбекті қосып отырмыз. Алтай Көлгінов те бұл проблеманы шеше алмады. Президент LRT тірегіне демонтаж жасау керек деген бұйрық та берді, бірақ бұл бұйрыққа әкімдік құлақ аспады.

Алтай Көлгінов демонтаж жасауға 20 миллиард теңге кетіп қалатынын, сол себепті бұл ұсыныстан бас тартқанын айтқан еді. Ал 2022 жылғы қыркүйекте құрылысты аяқтауға 577 миллион доллар керек деді.

Алтай Көлгінов бүгін, 2023 жылғы 31 қаңтарда журналистердің LRT құрылысы туралы сұрағына жауап берді. 

LRT жобасы менің құзыретімде емес, оны мен қадағаламаймын. Бұл — әкімдіктің ісі. Сол жерде жұмыс істегенде талай рет айтып, хабардар еттім. 2022 жыл қорытындысы бойынша, құрылыс алға жылжыды деп айтуға болады. Бұл жобаға 50 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінген. Қала әкімдігі қазір жұмысты жалғастырып жатыр: инженерлік желілер тозған, арқалықтар, құрылымдар мен құрылыс конструкциялары дайын, — деді қазіргі премьер министрдің орынбасары.

Пандемия VS 91 миллиард теңге

2020 жылғы шілдеде Астанадағы Қабанбай батыр даңғылын реконструкциялауға 91 миллиард 699 миллион 733 мың теңге бөлінетіні хабарланған еді. Бұл соманың 75 миллиард 638 миллион теңгесі Қытайдың Эксимбанкінен қарызға алынатын болды. Бұл хабар көпшіліктің наразылығын тудырды, тіпті біраз паблик ашулы мемге айналдырып, ақпаратты іліп әкетті.

Жұрт не үшін ызыланды? Өйткені 2020 жыл — елімізде адамдар коронавирустан қайтыс болып, жағдайы ауыр науқастарға өкпені жасанды желдету аппараты жетпей, маска қымбаттап маңызды препараттар қат боп жатқан кез еді. Ал сол кездегі Астана әкімі сонша қаржыны коронавируспен күрескеннен бұрын, жол жөндеуге жұмсау керек деп шешті.

Пандемия кезіндегі отшашу

2020 жылғы шілдеде әкімдік Астана күніне орай үлкен отшашу атты. Ол уақытта елде карантин шектеулері болып, күн сайын жүздеген адам инфекция жұқтырып жатты. Күнде он шақты науқас қайтыс болды.

Ел қайғырып жатқанда Алтай Көлгіновтің отшашу атқанына халық ашуланды. Көптеген қоғам белсендісі, журналист, кинорежиссер қарсы пікір айтты.

Кейін әкімдік бұл ісін былай түсіндірді:

Астана күніне отшашу жыл басында жоспарланған еді. Демеушілер материал сатып алып, орындарды анықтады. Бұл фейерверк қала тұрғындарының көңіл-күйін көтеруге, коронавируспен күресте алдыңғы қатарда тұрған медицина қызметкерлерін қолдауға арналған, — деп жауап берді мәдениет басқармасы.

Бұл жағдайдан әкімдік сабақ алып, 2021 жылы Астана күніне арналған отшашу да, басқа да мерекелік іс-шара болмайтынын хабарлады.

Кіші Талдыкөл

Кіші Талдыкөлдің маңын қызыл кітапқа енген құстар мекендейді, онда қызыл кітапқа енген өсімдіктер өседі. Алтай Көлгіновтің кезінде көл маңына құрылыс салына бастады.

Көл тартылып бара жатыр. Сол кездегі әкім Алтай Көлгінов су қолдан тартылмағанын, жай ғана бу болып ұшып кеткенін айтса да, Sos.Taldykol зооқорғаушылары бұл сөзге келіспейді. Олар сот «көл қолдан тартылып, құрылыс материалдары көмілген» деген фактіні растағанын жазды.

Салынып жатқан құрылысқа қоғам бірнеше рет қарсы шықты, бірнеше рет акция , перформанс жасады, петицияға қол қойды. Дегенмен әкімдік сайты көл маңында экопарктер салатынын айтады.

Үлкен және Кіші Талдыкөл бойында экопарктер салынады. Экопарк жобасы аумақты абаттандыруды, Үлкен және Кіші Талдыкөл су балансын сақтап әрі толықтыра отырып, рекреациялық аймақ салуды көздейді. Су айдыны салынады, олар сумен қамтамасыз етіледі. Бұл судың тепе-теңдігін сақтауға және судың табиғи түрде сүзілуіне, экожүйенің биоәртүрлілігін сақтауға мүмкіндік береді, — делінген Астана әкімдігі сайтында.

Мұрат Әйтенов

Фото: Аimak.com.kz

Мұрат Әйтенов — Шымкенттің әкімі. Бұл қызметте 2020 жылғы 21 қаңтардан бері отыр. 2022 жылғы 9 желтоқсанда әкім болып қайта тағайындалды.

Президенттен сөгіс алды

2020 жылғы пандемия кезінде Қсым-Жомарт Тоқаев көптеген басшы міндетін дұрыс орындамай жатқанын айтты. Сөйтіп бірнеше әкімге сөгіс берді. Оның ішінде Шымкент әкімі Мұрат Әйтенов те бар еді.

Әкімнің сөгіс алатын жөні бар. Коронавирус инфекциясы таралған кезде Шымкентте ауруханада орын жетпей жатты, дәрі-дәрмек дефицит болды, маска қымбаттады, денсаулық сақтау жүйесі сонша науқасты емдеуге әлі келмей жатты.

Оған қоса, 2020 жылғы мамырда Шымкенттегі медицина қызметкерлері шу шығарды. Олар коронавируспен ауырған науқастармен үзіліссіз жұмыс істегені үшін уәде етілген үстемақы алмағанын айтты. Ал қалаға дезинфекция жасап, блокбекеттерде кезекші болған адамдар уәде етілген айлық алмағанын мәлімдеді. Соңында қала әкімі наразылардың алдына шығып, бәріне еңбекақы төленетінін айтты.

Наурызды тойлауға кеткен жарты миллиард теңге

Шымкент әкімдігі 2021 жылғы наурызды тойлауға 565 миллион теңге жұмсады. Бұл туралы Zertteu Research Institute қоғамдық қоры хабарлаған еді. Бір мерекені тойлауға сонша қаржы жұмсаған әкімге көпшілік наразы болды. Дегенмен әкім бұл сома Шымкентте бір жылда өтетін шараларға бөлінді деп ақталды.

Біз жыл сайын мәдениет бөліміне шамамен 570-590 миллион теңге бөлеміз. Нақтырақ айтсақ, Наурыз мейрамына 213 миллион теңге жұмсалған, бұл — 10 күнде өткен 100 шараға бөлінген қаражат. Бұл қаламызға туристерді тарту үшін жасалып отыр. Мұның мультипликативті әсері бар, туристер келеді, яғни кафелер, театрлар, музейлер жұмыс істейді, — деді Мұрат Әйтенов.

Петициядан петиция

Шымкент тұрғындары басшысын ауыстырайық деп бірнеше рет петиция жинады. Кейінгісі 2023 жылғы 16 қаңтарда жарияланды. Қоғамдық петиция мәтінінің авторы Темірлан К. деген азамат. Ол былай деп жазды:

Шымкент әкімі міндетіне өте салғырт қарайды. Жолдардың жайы күн сайын нашарлап барады. Коммунал қызметкерлері бір жерді қаза береді. Сосын оны тротуар плиткасымен қаптайды. Неге бір рет жақсылап істеп қойып, қалған ақшаны модернизацияға немесе жаңа бір нәрсені салуға жұмсамасқа? Тәртіпті, жолды, коммунал қызметкерлерін қадағалау әкімнің басты міндеті емес пе еді?

Қазір петицияға 2 000-ға жуық адам қол қойған. Қанша петиция шықса да, әкім 2022 жылғы желтоқсанда қайта тағайындалды. Демек, петициядан үміт аз.

Премьер-министрден сөз естіді

Премьер-министр Әлихан Смайылов 2023 жылғы 27 қаңтарда Шымкентке іс-сапар жасады. Шымкент әкімі енді Әлихан Смайыловтан сөз естіді. Үкіметбасы әкімге мына екі проблеманы шеш деп тапсырды:

  • Шымкент аэропортына жаңа терминалды пайдалануға беру: бұл терминалды салуға 2018 жылы тапсырма берілген, бірақ терминал әлі іске қосылмады. Әкім жаңа терминал 2023 жыл соңына дейін қолданысқа берілетінін айтты.
  • Әлихан Смайылов Шымкенттің жылу берудегі кемшіліктерін атап көрсетті. Ол оңтүстікте орналасқан қалада қақаған аяз сирек болса да, қала тұрғындарының шағымы аз емес екенін айтты. Мысалы, «Жаңа Талап», «Тұран» шағын аудандарындағы көпқабатты үйлер жылусыз қалған.

***

Toppress ақпарат порталы әкімдерді 2022 жылы атқарған жұмысы бойынша рейтингісін жасады. Рейтингіде соңында қалған, яғни “аутсайдер әкімдер” тізімінде Мұрат Әйтенов пен Даниал Ахметов бар.