Риддерде 22 мың отбасы жылусыз қалды: шұғыл штаб құрылды

5 қарашада сағат 20:00-де «Риддер ЖЭО» АҚ-да күл шығару жүйесіндегі сорғы істен шығып, салдарынан №1 қазандық агрегатының қосалқы жабдығы апатты түрде ажыратылды. Салқындатқыштың температурасы жоспарланған +70 градуста +39 градусқа дейін төмендеді. Бүгінде қаланың 22 мыңнан астам абоненті үшін жылу беру төмендетілді. 7 қарашадан бастап оқушылар қашықтан оқиды, сонымен қатар мектепке дейінгі мекемелер жұмысын тоқтатады.

Облыс әкімі Даниал Ахметов түнде шұғыл Риддерге келген. Ол апаттық жағдайды жою жөніндегі штабты басқарады. Штаб тәулік бойы жұмыс істейді.

Ресми мәлімет бойынша, қазіргі уақытта күл шығару жүйесінде қозғалтқыш ауыстырылды, іске қосу-жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. ЖЭО-ға қосымша 120 тонна мазут жеткізілді, отынды жөнелту жұмыстары жүріп жатыр.

Апатты жағдайды жою үшін «Қазмырыш» ЖШС ЖЭО-ға 20-дан астам қызметкер жіберіп, жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына қосымша жабдықтар бөлді. Сонымен бірге Өскеменнен көмек ретінде «Востоквзрывпром» ЖШС-нің 20 қызметкері келді. Жағдай әкімдіктің бақылауында.