Отырыста негізгі капиталға және тікелей шетелдік инвестицияларды тарту бойынша былтырғы жұмыс қорытындылары, сонымен қатар алдағы кезеңге арналған міндеттер қаралды.
Ұлттық экономика вице-министрі Ілияс Өсеров 2022 жылы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 15,1 триллион теңгені (жылдық жоспардың 94,2%-і) құрағанын, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 7,9%-ке артық екенін баяндады. Жылжымайтын мүлікпен жасалатын операциялар, тау-кен өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, көлік және қоймалау сияқты салаларда өсім тіркелді.
Орталық мемлекеттік органдар арасында жылдық жоспарды ғылым және жоғары білім (121,8%), денсаулық сақтау (103,5%), оқу-ағарту (102,3%) министрліктері орындады. Ең төмен көрсеткіштер экология және табиғи ресурстар (79,4%), мәдениет және спорт (72,5%) министрліктеріне тиесілі.
Өңірлер арасында Ұлытау (75,6%), Атырау (84,2%) және Жамбыл (86,5%) облыстары аутсайдер болып отыр. Нысаналы индикаторларға қол жеткізбеудің негізгі себептері – жер учаскелері мен техникалық шарттарды беру рәсімдерінің созылып кетуі, қажетті инфрақұрылымның дайын болмауы, сонымен бірге геосаяси ахуалдың күрделенуі.
Қабылданып жатқан шаралар туралы Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы, Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов және Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов баяндады.
Премьер-министр Ұлытау облысында құны 27,1 миллиард теңге болатын бес ірі жоба іске аспай қалғанын атап өтті.
Өңірдегі негізгі капиталға салынған инвестициялар бойынша жетпей қалған сома 50 миллиард теңгеден асады. Әкімдік бұл олқылықты жаңа жобалар есебінен толтыруы тиіс еді. Облыстың әлеуетін пайдалана отырып, қосымша инвестициялар тартуды және туындайтын проблемаларды уақытылы шешуді қаматамыз етуі қажет еді, — деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысы Атырау облысында да өңірдің зор әлеуеті мен қорлары толық іске қосылмағанын атап өтті.
Инвестициялардың 60%-тен астамы Теңізшевройл және KPI ірі жобаларына тиесілі. Өңір басшылығы индикатордың орындалмауын жоғарыда аталған жобалар бойынша инвестициялар көлемінің төмендеуімен байланыстырып отыр. Әкімдік осы жобалардың аяқталу мерзімін болжап, өсімнің қосымша көздерін алдын ала іздестіруі керек болатын, — деді Әлихан Смайылов.
Сонымен қатар премьер-министр Жамбыл облысында салынған инвестициялардың үштен бірі бюджет қаражаты есебінен болғанын атап өтті.
Әкімдік бірқатар маңызды жобаны, соның ішінде кальцийленген сода өндірісі мен минералды тыңайтқыштар шығаратын зауытты іске асыруды кешіктіріп отыр. Өңір басшылығы жаңа инвестициялар көлемін ұлғайту жөніндегі жұмысты күшейтуі қажет, — деді үкімет басшысы.
Жалпы Әлихан Смайылов инвестиция тартуда көш соңында қалған облыс әкімдіктерінің жұмысын сынға алды.
Кейбір өңірлерде инвестиция 1-2%-ке ғана өскен, әкімдіктер оны жетістік деп түсіндіруге тырысты. Бірақ бұл – жақсы көрсеткіш емес, жүйелі жұмыстың жоқтығының белгісі. Былтырғы қорытындыға сәйкес, республика бойынша өсім 8%-ті құрады. Мемлекет басшысы 2025 жылға қарай негізгі капиталға салынған инвестициялар деңгейін ЖІӨ-ге 25%-ке дейін арттыру міндетін қойды. Бұл жыл сайын өсім 10%-тен жоғары болуы керек дегенді білдіреді, — деді үкімет басшысы.
Отырысты қорытындылай келе, Әлихан Смайылов өңір басшылары мен министрлер сын-ескертпелерді ескеріп, былтырғы олқылықтарды түзету бойынша шаралар қабылдауы қажет екенін атап өтті.