Елена Рыбакина Australian Open турнирінің финалында ұтылды

Бұл туралы спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі хабарлады.

Теннистен ұлттық құрама көшбасшысы Елена Рыбакина WTA рейтингінде 5-орында тұрған Арина Соболенкодан жеңіліп қалды. Беларусь спортшысы Мельбурнде алғаш рет Үлкен дулыға санатындағы турнирде топ жарды. Есеп: 6:4, 3:6, 4:6.

«Род Лейвер Аренада» өткен матч 2 сағат 28 минутқа созылды. Арина финалға дейін қарсыласына бірде-бір сетте жеңілмеген еді. Ал Елена ақтық кездесуге дейін тек америкалық Даниэль Коллинзден бір партияда ұтылып қалған.

Екі теннисші де оңқай және жасы да, бойы да шамалас. Бүгін Елена Аустралия ашық чемпионатында алғаш рет кешкі сессияда кортқа шықты. Осыған дейін ол тек күндіз өнер көрсетті.

Еске салайық, бұған дейін Аустралия чемпионатында Елена Рыбакинаның финалда чемпиондық атаққа таласатынын жазған болатынбыз.