Тарихи жетістік: Рыбакина Australian Open-нің жартылай финалына шықты

Ширек финалда Рыбакина латвиялық Елена Остапенкомен кездесті. Бірінші сетте қарсыласын 32 минутта жеңіп шықты. Есеп – 6:2. Ал екінші сетте 0:2 есебімен ұтылып жатса да, кері брейк жасап, қатарынан төрт геймді алып кетті. Қорытынды есеп — 6:4.

Айта кетейік, Елена Остапенко әлемнің 17-ші ракеткасы. Бұған дейін Рыбакина оны бірде-бір рет жеңіп көрмеген. Екі рет кездесіп, екі матчта та ұтылған. Осы жолы айқын басымдықпен жеңді. Жартылай финалда Рыбакина Джессика Пегула (3) — Виктория Азаренко (24) арасындағы кездесудің жеңімпазымен ойнайды.

Қазірдің өзінде қазақстандық теннисші тарихи жетістікке жетіп отыр. Біздің спортшымыз алғаш рет Australian Open ширек финалына шығып қана қоймай, жартылай финалға жолдама алды.