Елімізде көппәтерлі тұрғын үйлерді басқарудың жаңа түрі енгізіледі

Бұл туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Елімізде көппәтерлі тұрғын үй қорын басқарудың жаңа тәсіліне көшіруге байланысты жұмыс жоспарлы түрде жалғасып келеді. Биыл басқарудың тың тетігіне 45 148 көппәтерлі тұрғын үй (97,1%) көшірілді. Енді республиканың 3 өңірінде 1 366 (2,9%) көппәтерлі тұрғын үйді басқарудың формасына көшіру қажет.

Басқарудың жаңа түрлерін енгізуге арналған реформаны жетілдіру мақсатында таяуда түзетулер пакеті әзірленіп, соған сәйкес жиналысты өткізудің кейбір функцияларын беру арқылы Тұрғын үй кеңесінің өкілетін күшейту, қаржылық мәселелер бойынша шешімдер қабылдау кезінде жиналыс кворумын азайту (жалпы жиналыстың 2/3-тен 51%-ке дейін) және жазбаша сауалнама мерзімін екі айға дейін ұзарту қарастырылады, — делінген хабарламада.

Бұдан бөлек көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару түрлері бойынша градациялау енгізу ұсынылды. Атап айтқанда, тікелей бірлескен басқару — 16 пәтерге дейін, қарапайым серіктестік – 30 пәтерге дейін және мүлік иелерінің бірлестігі – 30-дан артық пәтерге дейін.

Қазір «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы парламент сенатында қаралып жатыр.