Алматы халқының саны қашан 3 миллионға жетеді?

Бұл туралы мегаполистің бас жоспарын қоғамдық талқылау барысында құжатты әзірлеген Тамара Залогина айтты.

Бас жоспарды әзірлегендердің болжамы бойынша, 2030 жылға қарай Алматы халқының саны 2,5 миллион, 2040 жылға қарай – 3 миллион, 2050 жылға қарай – 3,6 миллион адамға жетеді.

Тамара Залогинаның айтуынша, қала халқы келгендер есебінен 60%-ке, ал туу көрсеткіші есебінен 40%-ке артып отыр.

2014 жылы халық саны келушілер есебінен 134 мың адамға артқанын көріп отырмыз. Бұл қалаға 22 мың гектар жер кесілген кезде болды. Жалпы, халықтың өсу қарқыны біркелкі. Біз негізінен халық саны табиғи өсім есебінен артады деп болжап отырмыз. Табиғи өсім 2021 жылғы 47%-тен 2050 жылға қарай 60%-ке дейін артады, — деді Тамара Залогина.

Оның айтуынша, қала тұрғындарын баспанамен қамтамасыз ету үшін жаңа тұрғын үй құрылысының көлемі 2040 жылға дейін 45,6 миллион шаршы метр болуға тиіс.

2040 жылға қарай жалпы саны 3 миллион адам болатын Алматы тұрғындарының жобалық қоныстануы мынадай түрде жүреді: Оңтүстік-Батыс жоспарлау аймағында 1,3 миллион адам (44,6%), Орталық жоспарлау аймағында 0,5 миллион адам (18,1%) және Шығыс жоспарлау аймағында 0,45 миллион адам (15,2%) тұрады, — деді ол.