Алматыда ыстық және суық су, электр қуаты, жылу мен кәріз тарифтері көтеріледі деп жоспарланған. Бұл ретте құзырлы органдар төлемнің қаншаға өсетінін әзірге нақты айта алмай отыр.
Табиғи монополия субъектілерінің әрқайсы үшін тарифтердің өсуі желілердің ұзындығы мен тозуына байланысты әртүрлі болады. Қазір талдаулар мен есептеулер жүргізіліп жатыр. Тарифтердің қаншаға көтерілетінін нақты айта алмаймыз. Тұтынушылардың салған қаражатына да қоғамдық бақылау жасалып, иесіз желілер бойынша жұмыс жалғасады. Қабылданған шаралар қызмет көрсету сапасына әсер етеді: құбырлардың жарылуы мен апаттар азаяды, — деді Әсел Буденеева.
Оның айтуынша, Алматыда желілердің тозуы айтарлықтай жоғары: жылу және электр желілерінде 60%-тен асады, сумен жабдықтау және су бұру саласында 50%-ке жуық.
Суық су мен кәрізге тарифтер өседі. Өйткені бұл қызметтердің төлемі Алматыда ғана емес, Қазақстанда да ең төменгі көрсеткіштердің бірі саналады. Жалпы бюджеттік субсидиялаудан нарықтық қаржыландыруға кезең-кезеңімен көшу жоспарланған. Тарифтерді негізсіз көтеру болмайды, — деді Әсел Буденеева.