Универсиадада 1-орынды Жапония алды. Бұл елдің спортшылары 48 медаль тақты (21 алтын, 17 күміс, 10 қола). Екінші орын Кореяға бұйырды — 29 медаль (12 алтын, 8 күміс, 9 қола). Үшінші орынды Канада иеленді. Ел қоржынына 13 медаль (6 алтын, 1 күміс, 6 қола) түсті. 

Бұл — бірден 86 жүлде сарапқа салынған алғашқы универсиада. Лейк-Плэсид-2023 ұйымдастыру комитеті өз тарапынан жарыстар күнтізбесіне шаңғы қоссайысы мен тұғырдан секіруді қосып, медаль саны артты. Әлемдік додаға 50 елден 1 443 студент-атлет (832 ер, 611 әйел)  қатысты. Ал Қазақстан атынан 78 спортшы бақ сынап, жарыс соңына дейін құрама үздік ондық тізімінен көріне білді.

Биатлон

Вадим Куралес

Биатлоншы Вадим Куралес доданың үшінші күні жарыс жолына шығып, алғашқы алтынды қоржынға салды. Спортшы 20 жаста. Бұған дейін 2022 жылғы желтоқсанда Италияда өткен IBU Junior Cup додасына қатысып, күміс жүлде иеленген еді.

Вадим Куралес
Фото: Prosports.kz

Бекентай Тұрлыбеков

Бекентай Тұрлыбеков биатлоншылар арасында өткен 10 шақырымдық спринтте үздік нәтиже көрсетіп, үшінші алтынды жеңіп алды. Ол чемпион атанған сәтте берген сұхбатында бұл жеңісін «7 жылдың жемісі» деп есептейтінін айтты.

Фото: ҚР ҰОК баспасөз қызметі

Универсиада ойындарында алтын медаль жеңіп алғаныма өте қуаныштымын. Биатлон спортына келгеніме 7 жыл болды. Сіздерді қуанту үшін тағы да жүлде аламын деген ойдамын», — деді ол.

Александр Мухин

Александр Мухин
Фото: Olympic.kz

Қазақстан құрамасының фавориті Александр Мухин. Ол додада француз спортшысына жол беріп, күміс жүлдені қанағат тұтты. Сонымен қатар спортшы 10 шақырымдық спринт жарысында үшінші орын иеленіп, қола медаль санын толықтырды. Биатлоншы Ақмола облысында туып өскен. 

Ол 2022 жылғы әлем чемпионатында аралас эстафетада 15-орын, 2021 жылғы әлем чемпионатында эстафетада 27-орын, 2021 жылғы әлем чемпионатындағы эстафетада 25-орын алған.


Қазақстан құрамасы алдыңғы универсиадада бұдан жақсы нәтиже көрсеткен еді. Ол қысқы ойындар 2017 жылы Алматыда өтті. Оған 57 мемлекеттен келген спортшылар қатысты. Жарыста ел құрамасы 38 медаль (11 алтын, 8 күміс, 17 қола) алды. Осылай, Қазақстан құрамасы екінші орынға жайғасты. Ол сында спортшыларымыз биатлон бойынша 3 алтын, 3 күміс, 2 қола жүлде жеңіп алған еді.


Шаңғымен секіру

Данил Васильев

Данил Васильев
Фото: Prosports.kz

Данил Васильев қалыпты трамплинде шаңғымен секіру бойынша алтын алып, универсиада ойындары чемпионы болды. Спортшы 257,3 ұпай алды. Ол австриялық екі қарсыласы — Максимилиан Линчер мен Тимон Паскаль Кахоферді жеңді. 

Данил 18 жаста. Алматыда туып өскен. Бұған дейін 2020 жылы Швейцарияда өткен жасөспірімдер арасындағы қысқы олимпиада ойындары мен 2022 жылы Қытайда өткен қысқы олимпиада ойындарына қатысқан.

Данил Васильев шаңғымен секіру спорты бойынша Сергей Ткаченкомен бірге командалық сынға түсіп, құрама қоржынына күміс медаль алып берді.

Шорт-трек

шорт-трек
Фото: Vesti.kz

Шорт-трек спорты бойынша ел командалары екі рет күміс жеңіп алды.

Аралас эстафета бойынша жарыс жолына Яна Хан, Мәлика Ермек, Алина Әжіғалиева, Әлішер Абулкатимов, Әділ Ғалиахметов және Еркебұлан Шамұқанов шықты. 

Ал ерлер құрамасы сапында Санжар Жанысов, Антон Хван, Әлішер Абулкамитов, Әділ Ғалиахметов, Еркебұлан Шамұқанов және Валерий Клименко қатысып, шорт-трек бойынша екінші күміс медальді қанжығаға байлады. 


Қазақастан үшін ерекше жемісті болған 2017 жылғы универсиадада құрама шорт-трек бойынша бір күміс медаль жеңген еді. 


Шаңғы жарысы

Ксения Шалыгина

Ксения Шалыгина
Фото: Olympic.kz

Шаңғыдан Қазақстан атынан жарысқа алты спортшы қатысты. Дегенмен тек Ксения Шалыгина жақсы нәтиже көрсетіп, жүлде тұғырына шықты. Шаңғышы қыз қола медаль тақты. Спортшы бұған дейін де әлемдік деңгейдегі спорт жарыстарына қатысқан.

Ксения Шалыгина осы универсиада ойындарында бірден екі рет қола жүлде иеленді. Бұған дейін ол Айша Рақышева және Надежда Степашкинамен бірге командалық сынға түсіп, үшінші болып мәре сызығын кесті.


Алматыда өткен универсиадада спортшылар шаңғы спортынан 5 күміс, 2 қола медаль жеңген еді.


Хоккей

Жарыстың соңғы күнінде мұз айдынына шыққан хоккейден ерлер құрамасы жапон спортшыларын 8:1 есебімен жеңіп, қоржынға қола жүлде салып берді. 

Лейк-Плэсидте өткен универсиадада Қазақстанның студент хоккей құрамасы Оңтүстік Корея, Венгрия, Ұлыбритания және Словакия құрамаларын да жеңіп шықты. Құрама тек АҚШ пен Канада құрамаларынан жеңіліп қалды.

Фото: Қазақстан хоккей федерациясы

Енді 2025 жылғы қысқы универсиада Италияның Турин қаласында өтеді. Бұл қалада бұған дейін үш рет универсиада ойындары өткен: 1959 жылы және 1970 жылы жазғы дүниежүзілік универсиада, 2007 жылғы қысқы универсиада. Сонымен қатар 2006 жылғы ХХ қысқы Олимпиада ойындары қожайыны да осы Турин қаласы болды.