Қысқы универсиадада Қазақстан қоржынына алғашқы алтын медаль түсті

Вадим Куралес 15 шақырым қашықтықта жекелей сында мәре сызығын бірінші болып қиды. Жарыс жолына 16-шы болып шыққан Вадим нысана көздеуден бір ғана рет (0+1+0+0) мүлт кетіп, 42:37.4 минут нәтиже көрсетті.

Норвегиялық биатлоншы Эрьян Мосенг қазақстандықтан 42,6 секундқа қалып қойып, екінші орынға ие болды. Франциялық Аксель Гарнье (+1:16.5) үздік үштікті түйіндеді.

Куралеспен бірге Қазақстандықтардан Александр Мухин, Кирилл Бауэр және Бекентай Тұрлыбеков осы қашықтықта сынға түскенімен, жүлдеге іліге алмады.

12 қаңтарда басталған универсиада 22 қаңтар күні аяқталады.

«Спортты дамыту дирекциясы» РМҚК-ның баспасөз қызметінің хабары бойынша, он күн ішінде 12 спорт түрінен 86 жүлде табысталады. Бұған дейін универсиада тарихында мұнша медаль сарапқа салынбаған. Лейк-Плэсид-2023 ұйымдастыру комитеті өз тарапынан жарыстар күнтізбесіне шаңғы қоссайысы мен тұғырдан секіруді қосып отыр. Әлемдік додаға 50 елден 1 443 атлет (832 ер, 611 әйел) қатысып жатыр. Ал Қазақстан атынан 78 спортшы бақ сынайды.