Бір жылда тамақтану ұйымдарының қызметі 23%-ке қымбаттады

Былтыр қарашада қоғамдық тамақтану ұйымдарының қызметі бір айда 2,7%-ке, ал бір жылдың ішінде 23,4%-ке қымбаттады.

Әсіресе баға өсімін Жетісу облысының тұрғындары қатты сезінді. Аталған өңірде бірден 13,9%-ке өскен. Сонымен қатар үштікке Шымкент және Алматы облысы да кірді. Онда бір айда 9,9% және 7,3%-ке артқан. Жеті өңірде бір айдың ішінде баға өзгермеген. Жылдық динамикада бағаның қатты өсімі сол Жетісу облысында тіркелді. Қызмет көрсету құны бірден 44,7%-ке артқан, — делінген хабарламада.

Одан бөлек, Шымкент (40,3%) пен Астанада (38,5%) баға айтарлықтай өскен. Ең төмен баға Павлодар облысында байқалды, жыл ішінде 6,2%-ке артқан.

Қоғамдық тамақтану объектілері арасында асхана қызметі бір жылда 26,6%-ке, жылдам тамақтану орындарында 17,1%-ке, мейрамхана, дәмхана және соған ұқсас мекемелерде 20,6%-ке қымбаттады. Оның ішінде мейрамханада түскі ас құны 19%-ке, ал асханада 26,6%-ке өсті. Мейрамхана мен дәмханада қызмет көрсету бағасының ең жоғары жылдық өсімі Жетісу облысында (44,4%), ең төмені Алматыда (5,2%) тіркелді, — делінген хабарламада.

Жылдам тамақтану орындарында қызмет бағасының елеулі өсімі Атырау облысында (38%), ал арзаншылық Павлодар облысында (4,5%) байқалды. Асхана қызметі бойынша жоғары баға Жетісу облысында (52%), ең төменгісі Павлодар облысында (7%).

Сонымен қатар былтыр үшінші тоқсанының қорытындысы бойынша мейрамханалар мен қоғамдық тамақтандыру орындарын жалға алу құны бір жылда 5%-ке өсті.