Бүгінде 4 578 жәбірленуші анықталды, оның 4 353-і жараланды, оның 3 393-і (78%-і) — құқық қорғау органдарының қызметкерлері. Төтенше жағдай кезінде (5-14 қаңтар аралығында) мәйітханаларға қаза тапқан 225 адам жеткізілді. Олардың бір бөлігі — терактілерге қатысқан, ғимараттар мен құқық қорғау қызметкерлеріне шабуыл жасаған қарулы қарақшылар. Қаза болғандардың 19-ы — полицейлер және әскери қызметкерлер, — деді Серік Шалабаев.

Ведомство өкілі бұл алдын ала деректер екенін ескертті. Мәліметтер әлі де нақтыланады және өзгеруі мүмкін.

Денсаулық сақтау министрлігінің қоғаммен байланыс департаментінің директоры Әсел Артақшынова өңірлердегі денсаулық сақтау басқармаларының жедел мәліметтерін оқыды.

Әсел Артақшынованың мәліметінше, төтенше жағдай жариялағаннан бастап 2 678 адам медициналық көмекке жүгінген.

Оның ішінде амбулаториялық көмекке 1 815, стационарлық көмекке 863 адам жүгінген. 598 пациент үйге шығарылды. 265-і ем алуды жалғастырып жатыр. 67 науқас ауыр халде, жансақтау бөлімінде жатыр. Бас прокуратура жариялаған 225 өлімнің 175-і медициналық  ұйымдарда болды, — деді ведомство өкілі.