Шымбұлақ пен Үлкен Алматы көліне баратын жол жабылды

Алматы төтенше жағдайлар департаменті таратқан мәліметке сәйкес, қар көшкіні қаупіне байланысты қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында қазіргі уақытта Үлкен Алматы көлі мен Шымбұлаққа баратын жолдар жабылып, бекеттер қойылды.

«Медеу» өткізу пунктінде, Алмарасан шатқалында және «Шымбұлақ» ТШК үгіт-профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылды, онда келушілерге билеттерді сату кезінде «қар көшкіні кезіндегі іс-қимылдар» тақырыбында жадынамалары тапсырылып жатыр,- деп хабарлады департаменттен.

4 қаңтар күні қар жамылғысының тұрақсыз болуына байланысты Үлкен және Кіші Алматы су алабында қар көшкіні жүруі мүмкін.

Құтқарушылар тұрғындарды қар көшкінін тудырмау үшін тау беткейлеріне шықпауға, сонымен ққатар жеке қауіпсіздік шараларын сақтауға, тауда жаяу серуендеуден бас тартуға шақырады.

Жалпы, Алматы өңірі бойынша 165 көшкін қаупі бар учаскелер бар, олардың ішінде қала тұрғындары мен туристері үшін ең үлкен қауіп «Медеу», «Шымбұлақ» ТШК және Үлкен Алматы көлі ауданында орналасқан 18 көшкін қаупі бар учаске бар.