Зейнетақы жинағының 50%-ін жекеменшік компанияға аударуға рұқсат етіледі

Оған сәйкес, зейнетақы жинағының 50%-ін жекеменшік компаниялардың басқаруына беріп, пайда табуға рұқсат етіледі.

Үкіметтің кеңейтілген отырысында президент зейнетақы жинағын пайдалану құқықтары кеңейтілетінін айтты. Атап айтқанда, есепшоттағы ақшаның жартысын жекеменшік компанияның бақылауына беруге болады. Осы ақшаның есебінен бизнеске кредиттер ұсынылады. Ал салымшылар үстемақымен қайтарылған қаржыдан пайда көреді.

Тамара Дүйсенованың айтуынша, қазіргі кезде президенттің тапсырмасы бойынша жұмыс тобы құрылып жатыр. Олар зейнетақы жинағының 50%-ін басқаруға беру тәртібін пысықтайды.

Яғни, адам бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында жиналған ақшаның 50%-ін өзі таңдаған жеке компанияға бере алады. Сонда жартысы қорда қалады. Оны бұрыңғыдай ұлттық банк басқарады. Ал қалған 50%-ін жеке компания басқарады. Бірақ ол компанияның жинақтың үстінен қанша табыс табуға болатынын ұлттық банк белгілейді. Демек жеке компания болса да, өзі қалаған табысты ала алмайды, — деді Дүйсенова мәжіліс отырысынан кейінгі брифингіде.

Министр бастаманы іске асыру мерзімін айта алмады. Себебі алдымен депутаттардың қолдауын алу қажет. Содан кейін ғана құжат президенттің қол қоюына жіберіледі.