Оралдық кәсіпкер сал ауруынан оңалтатын құрылғы жасады

Мүмкіндігі шектеулі жандардың қиын тағдырын Біржан Қожақов жақсы түсінеді. Себебі өзі де мүгедектер қатарында, қос аяғынан бірдей айырылған. Оның жасаған құрылғысы «Вертикализатор» деп аталады. Кәсіпкердің айтуынша, қондырғы сал ауруына шалдыққан балалар үшін жасалған.

Оның бағасы 250 мыңнан 1 млн 200 мыңға дейін, тіпті одан да қымбат тұрады. Негізінен Германия, Түркия, Ресей секілді шетелдерде ғана бар. Біздің елде тұңғыш рет осы Біржан Қожақов жасап отыр. Ол жарты жыл ішінде 34 вертикализатор жасап, еліміздің түпкір-түпкіріндегі балаларға сыйға жіберген.

«Вертикализаторды» пайдаланып жүрген Оля Кунцевичтің анасы бұл құрылғының пайдасы зор екенін айтады.

«1 жарым ай бойы пайдаланып келеміз. Қазірдің өзінде аяғын дұрыс қоя бастады. Оңай емес әрине, бірақ маған кішкене болсын сеп болды. Барлық денені қысып, мықтап ұстап тұрғанда қызым 25 минут тайсалмай шыдайды. Ал, оны шешкенде оның аяғы дірілдеп кетеді» — анасы Валентина Кунцевич.

Аппарат Оляның бұлшықетін созып, қимыл-тірек жүйесін шынықтырады. Алғашқы жетістіктері де жаман емес.

Кәсіпкер енді жаңа құрылғы жасап жатыр. Жақын арада ол ауыр дертке шалдыққан кішкентай емделушілерге сүйенбелі жүріс арбаларын жібермек.

Дереккөз1tv.kz