Астанада медицина орталығының басшылары ұсталды

Полиция мәліметінше, жекеменшік медицина орталығының басшылары жалған медициналық анықтамаларды өткізу арнасын ұйымдастырған.

Олар еңбекке жарамсыздық парақтарын, денсаулық паспорттарын, санитарлық кітапшаларды, 086 және 075 нысанындағы анықтамаларды және өзге де медициналық құжаттарды сатқан. Көлік құралдарын басқаруға жүргізуші куәлігін алуға қажетті медициналық анықтамалар жасауға да тапсырыс қабылдаған.

Криминалдық полиция қызметкерлері Тәуелсіздік даңғылы бойындағы медициналық орталықтың 33 жастағы басшысын, сонымен қатар Әуезов көшесінде орналасқан медициналық орталықтың 33 жастағы басшысын ұстады. Ал тінту кезінде қолма-қол ақша, мөрлер, медициналық мөртабандар, медициналық анықтамалардың түбіртек байламдары, тіркеу журналдары, медициналық кітапшалар, толтырылған және мөр қойылған еңбекке жарамсыздық парақтары тәркіленді,- делінген хабарламада.

Аталған дерек бойынша жалған құжаттарды дайындағаны және өткізгені үшін ҚР қылмыстық  кодекстің 385-бабы (Жалған құжаттарды, мөртабандарды, мөрлердi, бланкілерді, мемлекеттiк пошта төлемі белгілерін, мемлекеттiк наградаларды қолдан жасау, дайындау немесе өткiзу) бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.