Сарыағашта 400 адамды жұмыспен қамтитын автобөлшек сауда орталығы ашылды

Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, сауда орталығының ашылу салтанатына аудан әкімі Мұхит Отаршиев арнайы қатысып, тұрғындарды құттықтады.

Бүгін ауданымызда заманауи үлгідегі автокөлік бөлшектерін саудалауға арналған сауда орталығы ашылып отыр. Жыл сайын аудан кәсіпкерлері өз кәсібін ашып, көп жұмыс атқарып жатыр. Сондықтан біз осындай азаматтарды қолдауымыз керек. Алдағы уақытта аталған нысан 400-ге жуық тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтып, жұмыссыздық мәселесін шешуге өз септігін тигізері сөзсіз. Аудан кәсіпкерінің бастаған кәсібі дамып, жаңа орталық халық игілігіне қызмет етеді деп сенеміз. Барлығыңызды жаңа нысанның ашылуымен құттықтаймын!, – деді әкім.

Сауда орталығы ғимаратының жалпы алаңы 5 200 шаршы метрді құрайды. Мұнда 156 сауда дүңгіршегі орналасқан, тұрғындарға ыңғайлы жағдайлар жасау мақсатында жеделсаты (лифт) және эскалатормен қамтамасыз етілген.

Айта кетсек, аудан көлемінде кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға тұрақты негізде жұмыстар жүргізіліп, жаңа жұмыс орындарын ашуға, кәсіпкерлік субъектілерінің жұмыс істеуіне жағдай жасалып жатыр.

Бүгінгі таңда аудан бойынша 17 410 кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. Осы субъектілерде жұмыс істейтін адамдар саны 38 500-ге жетіп, өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 3,5%-ке өскен. Өндірілген өнім көлемі және көрсетілген қызмет пен жұмыс көлемдері 75 миллиард теңге болып, өткен жылмен салыстырғанда 3,6 %-ке артқан.