Үкімет алдағы жеті жылда қандай жұмыстарға басымдық береді?

Бұл туралы үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Үкіметтің кезекті отырысын ашқан Әлихан Смайылов орталық сайлау комиссиясының алдын ала қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айқын басымдықпен жеңіске жеткенін айтты.

Оның айтуынша, үкіметтің алдағы 7 жылдағы негізгі міндеті – сайланған мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасын сапалы әрі нәтижелі іске асыру.

Экономикада, әлеуметтік салада және өңірлік саясаттағы түбегейлі өзгерістер осы сайлауалды бағдарламаның негізі болып табылады. Барлық мемлекеттік органдар мен ведомстволар осы мақсат үшін, яғни әділетті Қазақстан құру жолында халықтың мүддесіне сай күш біріктіріп, жұмыла еңбек етуі тиіс. Біз әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге бағытталған барлық стратегиялық құжаттардың, бағдарламалар мен жобалардың нақты іске асуын қамтамасыз етуіміз керек, — деді Смайылов.

Сонымен қатар премьер-министр үкіметтің жұмысы негізінен экономиканы демонополизациялауға, кәсіпкерлік қызметті ынталандыруға, азаматтардың табысын арттыруға, білім беру мен денсаулық сақтау жүйелерін жаңғыртуға бағытталатынын айтты.