ОСК президент сайлауының алдын ала нәтижесін жариялады

Қазіргі уақытта ел өңірлері мен шет елдердегі сайлау учаскелерінде дауыстарды санау аяқталды. Кеше күні бойы өзекті онлайн режимде өңірлердің жедел деректері негізінде ОСК қазақстандықтардың дауыс беруге қатысуының белгілі бір уақыттағы жағдайын хабарлап отырды. 9 брифинг өтіп, ақпарат шұғыл беріліп отырды, — деді орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров.

ОСК төрағасының айтуынша, Қасым-Жомарт Тоқаевқа 6 миллион 456 мың 392 сайлаушы немесе олардың 81,31%-і дауыс берген. Екінші орында 460 484 немесе 5,8% дауыспен «бәріне қарсымын» бағаны тұр.

Сонымен бірге Жигули Дайрабаевқа – 271 641 адам немесе 3,42%, Қарақат Әбденге – 206 мың 206 немесе 2,6%, Мейрам Қажыкенге – 200 907 немесе 2,53%, Нұрлан Әуесбаевқа – 176 116 немесе 2,22% және Салтанат Тұрсынбековаға – 168 731 немесе 2,12% дауыс берілген.

Айта кетейік, кеше 20 қарашада елімізде кезектен тыс президент сайлауы өтті. Барлық өңірде 10 033 учаске жұмыс істеді. Ал шет мемлекеттердегі Қазақстан өкілдіктері жанындағы 68 учаске құрылған. Еліміздегі бүкіл сайлаушылардың 69% немесе 8 миллион 282 мыңнан астам адам өз таңдауын жасаған.