Дисклеймер: Елімізде тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдер мен олардың балалары үшін дағдарыс орталықтары жұмыс істейді. Осындай мекеменің бірінде бізбен әңгімелескен әйелдердің қауіпсіздігі үшін олардың есімі өзгертілді.

Дағдарыс орталығында тұрып жатқан әйелдер мен балалардың қауіпсіздігі үшін мекеменің мекенжайы ашық айтылмайды. Бізді күзетші апай көшеден күтіп алып, бірнеше сұрақ қойғаннан кейін ғана биік қақпаның арғы бетіне өткізді. Елу адамға арналған үшқабатты зәулім үй. Бір қарағанда балабақша сияқты, холда ойыншықтың сан алуан түрі шашылып жатыр, бірақ баланың бәрі аулада ойнап жүр.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы
Фото: Бақдәулет Әбдуалы
Фото: Бақдәулет Әбдуалы
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Таңғы асын ішіп болған көп келіншек пен бала бізбен жарыса амандасты. Кейбірі жатырқап, саябаққа кетуге асықты.

Орталық 2017 жылдан бері жұмыс істейді. Үш қабатты үлкен үйде елу адамға арналған төсек-орын бар. Қызметкерлердің сөзінше, қазір орталықта бос орын жоқ.

«БҰҰ дерегінше, Қазақстанда жыл сайын тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан 400-ден аса әйел қаза болады».

Майра. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Майра орталық жайлы әріптесінен білген. Ол күйеуімен тату-тәтті өмір сүріп жүрген, сегіз жыл өткен соң мінез көрсетіп, қол көтере бастапты. Бұған қызғаныш себеп болған.

«Бірінші күйеуім қайтыс болды, 20 және 18 жастағы екі ұлым бар. Жалғыз қалудан қорықтым ба екен, білмеймін, бірнеше жыл өткен соң қайтадан отбасын құрып, бақытты боламын деп ойладым. Өзім Алматы облысындағы ауылдардың бірінде тұратынмын. Таныстарымыз себепкер болып, көрші ауылдың жігітімен қосылдық. Әуеліде бәрі жақсы болды, мені сыйлайтын, балаларыммен де жақсы сөйлесетін. Тек жеті-сегіз жыл өткен соң психикалық ауытқуы бары біліне бастады. Үнемі ашулы, үнемі бірдеңеге көңілі толмай жүрді. Қит етсе, қызғанатынды шығарды, жұмыс істеуіме де қарсы болды. Бастықтарыма хабарласып, мазасын ала берді. Олар да «Күйеуің маза бермейді» деп жұмыстан шығарып жіберетін. Кейін қол көтеруді де жиілетті, ақырында пышақ кезеді», — дейді ол.

Майраны күйеуі жанармай бекетінде жұмыс істеуге мәжбүрлеген. Осыдан кейін денсаулығы нашарлаған, есінен танып қала беретін болған. Алайда күйеуі жұмыстан шығып, үйде отыруына да, басқа жұмыс іздеуіне де қарсы болған.

«Балабақшаға қайтадан барсам — бөтен еркектердің көзіне түсетінімді, үйде отырсам — ақша таппай қалатынымды айтатын. Осындай мәнсіз әңгіменің соңы үнемі ұрыспен, ұрып-соғумен аяқталатын», — дейді ол.

Майра. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Майра қазір жүкті, құрсағында алты айлық баласы бар. Екінші күйеуімен ресми некеге де тұрмаған.

«Ата-анам қазір осы орталықта екенімді біледі, сәбиімді дүниеге әкелген соң інімнің үйінде тұрамыз. Олар мені сынамаса да, некесіз туған баладан, немереден, күйеуден қайтқан қырық жастағы қызынан ұялатынын білемін. Сол үшін де балам туған соң оны інім тәрбиесіне алатын болды. Ал күйеуімді ұрып-соққаны үшін сотқа бергім келмейді. Түрмеге отырса, маған кек сақтап қала ма деп қорқамын. Өйткені психикалық ауытқуы бар. «Ол түрмеде одан әрі жынданып кетеді» деп ойлаймын. Алайда қазір мұны ойлағым да келмейді, маған бар болғаны тыныштық керек», — дейді ол.

Майраның күйеуімен қайта қосылуға ниеті жоқ. Бірақ ұлдары жайлы сұрағанда, көз жасын тыя алмады.

«Орталықта жүрген әйелдердің күйеуі мына жерді бірдеңе қылып тауып алады. Артынан іздеп келіп, кешірім сұрайды, жалынып жатады. Ал кейбірі келіп қорқытып кетеді, ұрыс-төбелес шығарады. Мені іздеу былай тұрсын, хабарласып, халімді де сұраған жоқ. Солай болғаны дұрыс та шығар. Онымен қайта қосылып, өмірімді қатерге тіккім келмейді. Әлі күнге дейін ата-анасы баласының ауруы жайлы ештеңе айтпағанына таңданамын», — дейді ол.

Майраның қазіргі бар уайымы — екі ұлы. Бақыт іздеймін деп, балаларымен байланысын үзіп алғанына өкінеді. Олар анасы орталықта жүргенін және жүкті екенін біледі. Жүзіне күліп қараса да, ешқашан жылы сөз айтпайтын көрінеді. Мұны балалары өзінен ұялады және іштей ренжулі деп ұғады.

Бұл тағдыр ғой. Бастысы күшімді жинап, кеш те болса, қадіріме жеттім, ешкімнің маған қол көтеруге құқығы жоқ екенін түсіндім. Көк ала қойдай түрімнен ұялып, «Енді не істеймін?» деп жүргенде тегін көмек беретін орталықтың барын білдім. Бастысы — сол адамнан кету керек екенін түсіне алдым ғой, оған да шүкір», — дейді ол.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Дағдарыс орталығы 2017 жылы ашылған. Мұнда қиын жағдайда тап болып, тұрмыста зорлық-зомбылық көрген әйелдерге құқықтық, әлеуметтік, психологиялық көмек беріледі. Әр әйел орталықта тек алты ай тұра алады. Осы уақыт ішінде орталық мамандары олардың заңды түрде ажырасуына, жұмысқа тұруына да көмектеседі.

Орталық қызметкерлерінің айтуына қарағанда, күйеуінен зәбір көрген әйелдердің 30%-і сол адаммен қайта қосылады. Оның 12%-і тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тағы тап болады.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

32 жастағы Дананың орталыққа келгеніне бүгін бесінші күн болған. Ол күйеуінен қатты қорқатынын бірнеше рет айтса да, онымен ажырасып-ажыраспайтын әлі шеше алмаған.

«Орталыққа келгеніме көп болмады, бірақ күнде хабарласып, өзгеретінін айтып жүр ғой. Сенгім-ақ келеді, бірақ қайтадан алданып қалудан да қорқамын», — дейді өзі.

Дана баласымен. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Дананың төрт баласы бар. Үлкен екі қызы бірінші, егіз баласы екінші некеден туған. Күйеуі бірінші некеден туған қыздарына жекіп сөйлеп, қол көтерген соң осында келген. Мұндай жағдай бірнеше рет қайталанған.

«Жолдасым егіздер дүниеге келгенге дейін үлкен қыздарыммен бірге ойнап, қыдыратын. Жақсы көретін. Қалағанын сатып алып беретін. Үйленбестен бұрын да қыздарға әке болып, қабақ шытпай өсіремін деп уәде берген еді. Кейін егіздеріміз дүниеге келген соң қыздарыма «балаларды ояттыңдар», «жылаттыңдар» деп ұрысатынды шығарды. Екі қызға маза бермейтін, шайына қант салып, араластарып отырса, «шуладың» деп, бірнеше рет қасықтарын лақтырып жіберген кезі бар. Енді бірде өзінше «жазаладым» деп, кіп-кішкентай қыздарды жұлқылап, қол көтергелі жатыр екен», — дейді ол.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Дана күйеуімен дәл осы жағдай қайталана бергенде әрдайым ұрсып қала берген. Оның үлкен қыздарын қорғауға тырыспақ болғаны күйеуінің ашуына тиген, кейін өзіне қол көтерген.

«Қыздарды бөлектете бастағанын байқаған күннен-ақ, мұның ұнаймайтынын айтып, берген уәдесін есіне салуға тырысатынмын. Әуеліде өзіме дөрекі сөйлеп тастап жүрді, кейін қол көтерді, артынша айнадан беті-басымның көгеріп тұрғанын көруге де үйреніп кеттім, бірақ бес және сегіз жастағы қыздарыма қол көтергенін көргенде шыдай алмадым. Дереу балаларды алып, ата-анама кетіп қалдым. Екі күн өткен соң кешірім сұрап, өзгеретінін айтып, ант-су ішті. Кешірдім, қателігім де сол екен, — дейді Дана.

Дана бұдан кейін не істейтінін білмейді. «Төрт баламен аяққа тұрып кете алмаймын ба?» деген үрей басым. Үлкен қызы бәрін түсінеді, қайда жүргенін де біледі. Сол себепті анасына қолғабыс болып, қолдауға тырысып жүр екен.

«Үйден төрт баламмен қашып шыққан кезде артымнан келетінін де білдім. Шу шығарды, қорқытты, үркітті, балаларымды көрсет деп жылады. Өте эмоционал адам ғой, бірақ учаскелік полицияны шақырттық. Кейін көпбалалы аналарға арналған чаттан дағдарыс орталығы жайлы оқып, кейін осында келдім. Құжаттарымды қарап шығып, бірден қабылдады. Жолдасыма ауруханада екенімізді, ешкімді кіргізбейтінін айттым. «Бәрі бітті, ажырасамыз деп те үзілді-кесілді айта алмадым ғой, сенесіз бе?».

— Неге?
— Енді… қорқамын.
— Неден қорқасыз?
— «Ұрып кете ме», «Өлтіріп кете ме» деп қорқамын…
— Бұған да баруы мүмкін бе?
— Мүмкін ғой, барады ол…

Дана осыдан кейін ашылып әңгіме айта алмады, бірақ оның әбден қажып, қиналғаны байқалады. Не күлмейді, не жыламайды.

«Орталыққа келіп, тынығып алдым, бірақ әрі қарай не істейтінімді, қандай жоспарым бар екенін сұрамаңыз, білмеймін. Қыздар жақын маңдағы мектепке баратын шығар… Бірақ бұдан өзге ештеңе нақты емес, білмеймін…, — дейді ол.

Дана осыны айтып, төрт баласымен ауладағы жүзім ағашына қарай беттеді…

«Жүзім піскенше, біздің де жағдайымыз реттеліп қалар», — деп күрсінді Дана.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Дағдарыс орталықтары жайлы әлеуметтік желілерден, полиция қызметкерлерінен және тәулік бойы жұмыс істейтін 150 нөміріне хабарласып, біле алады. Орталықта жұмыс істейтін әлеуметтік қызметкер Зүлфия Омарованың айтуына қарағанда, тұрмыста зорлық көрген әйелдердің психологиялық жағдайы ауыр болғаны соншалық, өмірін өзгеретініне, ұрып-соғуға төзбей-ақ, жайлы өмір сүруге болатынына сенбей жатады.

Орталыққа келген әйелдерге түрлі маман көмек береді, бұған қоса, киім-кешегінен бастап жеке гигиеналық заттарына дейін тегін беріледі. Олар мекеме мекенжайын айтпау, өзара дау шығармау туралы келісімшартқа қол қояды. Қауіпсіздік үшін бірден олардың смартфонындағы геолокация функциясын өшіру талап етіледі.

«Әйелдер 102-ге хабарласып, кейін іс тіркеліп, күйеуімен тұрғысы келмейтінін айтса, инспекторлар осы орталыққа жөн сілтейді. Біз тек тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйелдерді қабылдаймыз. Орталыққа келген әрбір әйелмен арнайы сұхбаттасамыз. Құқық қорғау органдарының өкілі, орталық психологы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың болғанын растайды. Әрі қарай қай бағытта жұмыс істеуіміз керек екенін анықтаймыз. Ал тұрмыстық зорлық-зомбылықтан да өзге қиын жағдайға тап болған адамдар хабарласса, оларды серіктес өзге орталықтарға бағыттаймыз. Адам тағдырына бей-жай қарай алмаймыз» — дейді орталықтың әлеуметтік қызметкері Айжан Мұхтарқызы.

Қазір дағдарыс орталығында 28 бала мен 16 ана бар. Бала да тікелей зорлық-зомбылық куәгері, сондықтан тікелей зардап шегуші ретінде тіркеліп, оларға да арнайы орын беріледі.

Орталық әр әйелдерге жарты жыл ғана көмектесе алады, тек кейбір аса қиын жағдайдағы әйелдердің сегіз айға дейін қалуына рұқсат берілуі мүмкін. Осы уақыт ішінде психологиялық, құқықтық және әлеуметтік, мәдени, экономикалық көмек беріледі. Тұрмыста қысым көрген әйелдер мен балалардың тезірек қалпына келуі үшін түрлі мәдени шара ұйымдастырылып, орталықтан тыс іс-шаралар мен ойын-сауық орталықтарына да барады.

2020 жылы орталықта 101 әйел, 210 бала болған. Коронавирус пандемиясына байланысты көктемгі карантин кезінде келушілер саны күрт өскен. Дәл осы жағдай Қаңтар оқиғасынан кейін енгізілген төтенше жағдай кезінде де қайталанған. Алайда Зүлфия одан кейін де ахуал жақсара қоймағанын айтып отыр. Өйткені қазір елде осындай отыз бір дағдарыс орталығы жұмыс істеп тұр, бәрінен бос орын табу қиын.