Ал Жанна Бетжан K-pop-қа (Оңтүстік Кореяда электропоп, хип-хоп, заманауи R’n’B элементтерін біріктірген музыканың жанры — ред.) қызығады. Жасы 13-те. Ол Кореяға барып, «idol» (K-pop артисі — ред.) болғысы келеді. Алайда әке-шешесі бұған қарсы болған.
«Көбі «Қолыңнан келмейді», «Сен тек билейсің, ән айта алмайсың» дейтін. Кластастарым да «Ой, K-pop па?» деп жақтырмай қарайтын. Ата-анам «Қазақстанда қалып, дәрігер не мұғалім бола салсаңшы» дейтін. «Жоқ, Кореяға барып, «idol» боламын, кейін сіздерге көп ақша беремін» деп жауап беретінмін, — дейді ол.
Көпшіліктің сөзіне бола сынып қалмағанның бірі — 14 жастағы Бақдәулет Бақытжан. Ол театр және кино актері болғысы келеді. Үш жыл бұрын бір фильмнің эпизоды тиген. Бақдәулет газельде «пирожки» жеп отыратын баланың ролін ойнаған. Фильм шыққан соң мұны ауладағы және мектептегі достары көріп, мазақ қылған.
«Мынауың біртүрлі тірлік қой», «Жап-жақсы бала едің ғой» дейтін әңгіме айтты. «Жарайды» дедім де, қойдым. Мұның сынақ екенін білдім, сынып қалмадым. Енді біреудің сөзіне бола арманымнан теріс айналмаймын ғой», — дейді ол.
Нұрила да, Жанна да, Бақдәулет те — «Кел, балалар, оқылық» жобасының Тараздағы қатысушылары. Олар бір апта 20 қатарласымен бірге қыдырды. Қазақ мифологиясы мен ондағы кейіпкерлерді көлеңке театры қойылымы арқылы көрсетті, блогер Zheka Fatbelly (Жеңіс Омаров) орындайтын «Прощай» әнінің клипін түсірді.
Ең бастысы — бірі «k-pop idol», енді бірі актер, биші, тағы бірі акробат бола алатынына көзі жеткен және айналасындағылардың сөзі мен сынына бола арманынан теріс айналмауы керегін түсінген. Өздерінің айтуынша, «ит үреді, керуен көшеді».
«Енді «Шынымен «idol» боламын» деп мақсат қойдым. Бұған ешкім кедергі бола алмайды», — дейді Жанна Бетжан.
«Кел, балалар, оқылық» — шалғай ауыл мен кішігірім қалада тұратын балаларға арналған жоба. Өйткені онда мүмкіндіктің шектеулі болғаны кесірінен потенциалын тұншықтырып жүрген балалар бар. Жоба авторлары сондай балаларды тауып, оларға мотивация беруді ойлайды.
«Мұнда шынайы достарым бар. Бірдеңе істегім келсе, ешкім «Қолыңнан келмейді» деп күмәнданбайды, тек қолдайды. Жобаның арқасында актер болғым келетінін анық түсіндім. Қазір Тараздағы актерлік шеберлік бойынша курстарға барып жүрмін. Бұған дейін мектептегі акт залында ән айтқаным болмаса, мұндай көпшіліктің алдына бірінші рет шығып тұрмын. Өте күшті сезім. Сахнада тұрғанда қатты қобалжыдым, бетімді жауып алып, не істерімді білмей, тыпыршып кеттім. Бір жағынан бақыттымын, осындай дәрежеге жеткеніме өзіме іштей риза болып тұрмын», — дейді бір апталық мастер-класс бойынша түсірілген деректі фильмнің көрсетілімінен кейін Бақдәулет Бақытжан.
Жоба жетекшісі, режиссер Қуаныш Бейсектің сөзінше, «Кел, балалар, оқылыққа» балалар түскенімен, деректі фильмді ересектер де көруге тиіс. Өйткені көбі есейгенде бала кездегі арманын ұмытып кетеді.
«Арманға, мақсатқа жету үшін жұмыс істеу керек деген қарапайым ереже де естен шығып кетеді. Біздің жоба «еске салу», «ескерту» деп білемін. Сонымен бірге кедергіге тап болып, қасынан қолдау табылмаған балалар да осы деректі фильмді көріп, күш алады деп сенемін. Айтқым келген нәрсенің бәрін деректі фильмде көрсеттім. Бәрін балаларға арнап жасадық. Шын жүректен шыққаны көрініп тұрған шығар?! Көп адам көреді деп үміттенемін. Қолдау күтеміз», — дейді Қуаныш Бейсек.
Жоба авторлары биылғы жазда Алматы облысындағы Жалаңаш ауылындағы 60 балаға оператор, режиссер, актер болу машықтарын үйреткен. Сол кезде балалардың идеясы бойынша орындаушы Yenlik-тің әніне клип түсірілген еді.
Режиссер Қуаныш Бейсек пен жобаның демеушісі Jusan Bank мұнан кейін де Қазақстанның басқа қалаларына, ауылдарына барып, балалар мен жасөспірімдерді қолдауға дайын.
«Режиссер Қуаныш Бейсек идеяны айтқанда бірден ұнаттық. Бұл Jusan Bank үшін өте маңызды жоба еді, сол себепті оны тұрақты етуді шештік. Қазақстандағы әр бала арманына сенуі және оның міндетті түрде орындалатынын білуі керек. Ал біз мұны қолдауға тиіспіз», — деді Jusan Bank маркетинг департаментінің жетекшісі Дана Дүйсекова.