Президент жиын қатысушыларына ілтипат білдіре отырып, дипломатиялық корпуспен кездесу екіжақты және көпжақты ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған игі дәстүр екенін айтты.
Президент Қазақстанда тіркелген дипломатиялық миссиялар және халықаралық ұйымдардың басшыларына елімізде түрлі салада ауқымды реформалар жүргізіліп жатқанын айтты. Сонымен қатар адам құқықтарын қорғау мәселелеріне, соның ішінде өлім жазасын жоюға, конституциялық түзетулерді қабылдауға, адам құқықтары жөніндегі уәкілдің рөлі мен мәртебесін арттыруға ерекше назар аударды.
Өз саясатымызда «біз әртүрліміз, бірақ теңбіз» деген постулатты берік ұстанамыз. Сондықтан, азаматтық қоғамның рөлін арттыруға, түрлі қоғамдық күштерді біріктіруге, «халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын іске асыруға маңызды іс-шаралар қабылданып жатыр, — деді мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның демократияландыру және кешенді қоғамдық-саяси өзгерістер бағыты өзгермейтінін атап өтті.
Жаңа модель биліктің тұрақты ротациясын және Қазақстанның қазіргі мемлекеттілігін одан әрі демократиялық тұрғыда дамуын қамтамасыз етеді. Бірнеше аптадан кейін өтетін кезектен тыс президент сайлауында осы өзгерістер ескеріледі. Бұл сайлау Қазақстанда жаңа саяси дәстүрді қалыптастырады, жаңа саяси дәуірге жол ашады. Біздің басты мақсатымыз – әрбір азамат өз әлеуетін іске асыруы үшін тең жағдай мен мүмкіндік жасалатын әділетті Қазақстанды құру. Әділеттілік идеясы бұдан былай халықтың әл-ауқатын арттыруға, азаматтардың қажеттіліктері мен сұраныстарына жедел назар аударуға бағытталған Қазақстанның барлық мемлекеттік саясатының өзегі болады. Мен және менің әкімшілігім президент сайлауын ашық және әділ өткізу үшін барлық жағдайды жасаймыз, — деді президент.
Мемлекет басшысы Қазақстанның қабылдаған жаңа экономикалық бағыты шынайы еркін нарықтық экономика құруға бағытталғанын ерекше атап өтті.
Экономиканы монополиядан арылту – біздің ұлттық басымдығымыз. Біз дұрыс жолдамыз. Жетекші халықаралық қаржы агенттіктері Қазақстанның экономикалық өсімді ынталандыру жөніндегі күш-жігерін оң бағалады және Қазақстанның егемен рейтингін «тұрақты» болжаммен растады. Біз ашық экономика қағидатын ұстанамыз. Әлемнің 180 елімен сауда қатынастарын жүргіземіз. Бүкіл әлемдегі экономикалық күйзелістерге қарамастан, біздің шикізаттық емес өнім экспорты шамамен 40% өсті. Біз инвестиция тарту бойынша Орталық Азиядағы көшбасшылық позициямызды одан әрі нығайтуға ниеттіміз, — деді президент.