Давид Чарлин — Baqytty Bala-2022 халықаралық ән байқауының дипломанты. Музыкамен үш жылдан бері айналысады, ал кәсіби түрде шұғылданғанына бір жыл болған. Ол қазір Junior Eurovision-2022 дайындалып жүр.
«Дайындық жақсы, қазір ән жазып жатырмыз. Бір айдың көлемінде осы әнге клипті түсіріп үлгереміз деп үміттенемін. Уайым бар, үлкен жауапкершілікті де сезініп отырмын. Көрерменнің, сонымен бірге Қазақстанның атынан өнер көрсетуге лайық көргендердің үмітін ақтаймын деп ойлаймын», — деді Давид Чарлин орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.
Давид Алматы күнінде «А-Студио» тобымен бірге ән айтқан және Димаш Құдайбергеннің Алматыдағы концертінде өнер көрсеткен. Ол енді Димаштың өзімен бірге дуэт айтып, соның деңгейін жеткісі келеді.
«Евровидениеден кейінгі жоспарларым әлі анық емес, бәрі бірден өзгеріп кетуі де мүмкін. Димаш Құдайбергенмен бірге бір ән орындағым келеді, негізінде ол менің кумирім. Димаштың деңгейіне жеткім келеді. Сонымен бірге шетелдік артистермен — Imagine Dragons тобымен ән айтқым келеді. Бұған дейін музыканың поп бағытын ұнататынмын. Ал қазір поп пен рокты, поп мен фольклорды, жалпы әртүрлі жанрды араластырып орындаған ұнап жүр», — деді Давид Чарлин.
«Хабар» агенттігі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Данияр Меңілбеков Қазақстанның атынан Junior Eurovision-2022 ән байқауына не себепті Давид Чарлин қатысатынын түсіндірді. Давид Ақтөбеде өткен биылғы «Бақытты бала» халықаралық ән байқауына қатысқан, бірақ жүлде алмаған.
«Бұл ән байқауына сегіз елден 20-дан аса өнерпаз қатысты. Олардың бәрі — алдын ала іріктеуден өткен, өнерімен көпшіліктің көзайымына айналып жүрген өнерпаз. «Хабар» агенттігі «Бақытты бала» халықаралық ән байқауын «Балалар Евровидениесіне» Қазақстанның атынан қатысатын баланы іріктеп алатын байқау деп жариялады, осындай шешім қабылдады. Ән байқауы бойынша тәжірибесі зор Жан Мұқанов әріптесімізбен бірлесіп, осы фестивальде өнер көрсеткен балалардың дарынын және сахнада өзін ұстауын бағамдай келе, Давид Чарлинді Junior Eurovision-ге жіберу туралы ортақ шешімге келдік. Қазақстан биыл бұл байқауға бесінші рет қатысқалы отыр», — деді ол.
Данияр Меңілбековтің сөзінше, Қазақстан артистері бұған дейінгі ән байқауларында дүйім жұртты тәнті етіп келді. Алайда халық пен БАҚ тарапынан қолдау жетпей қалып жатады және қатысушыларға дауыс беру жағы ақсап жатады.
«Бұл байқау бізге не береді? «Хабар» агенттігінен көрсетудегі діттеген мақсатымыз не? Былтырғы Парижде өткен байқауда 100 миллионнан астам адам көрген екен. Мақсатымыз — сол арқылы қазақ елінің дарынды балаларын, жеткіншіктерін дүниежүзіне таныту, өнерін көрсету. Өйткені дүниежүзіне елімізді қару-жарақ, жойқын күш тұрғысынан емес, мәдениет, өнер тұрғысынан танытқанымыз, жас өрендерге әлемдік деңгейдегі сахналарға жол ашқанымыз жөн», — дейді «Хабар» агенттігінің өкілі.
Продюсер Жан Мұқановтың айтуына қарағанда, Армения мен Әзірбайжан арасындағы қақтығыстың кесірінен байқаудың шарттарын кеш жариялаған. Сол себепті жұмыс тобы дайындықты кеш бастаған.
«Қазір қызу дайындық жасап жатырмыз, осы айдың соңына дейін біз әнді жариялауымыз керек. Оны екі композитор жазып жатыр. Оның бірі — Хамит Шаңғалиев. Ол жұмысқа кірісіп кетті. Хамит — Ержан Максим мен Қарақат Башанова орындаған әндердің авторы, екі артист те екінші орын алды. Хамитке «Екі рет екінші орын алдыңыздар, енді бірінші орын алатын кез жетті» дедім. Бұған дейін Армениядағы қауіпсіздік бойынша сұрақ туды. Конфликтіге байланысты бізге биылғы байқаудың шарттарын кеш айтты. Әр жылы шарт түбегейлі өзгермесе де, 10-15%-ке жаңарып отырады. Сол себепті жоба бойынша жұмысты кеш бастадық, ән нақты не туралы болатынын білмейміз, бірақ маэстро Хамит Шаңғалиев бұл ән Отанға сүйіспеншілік туралы болады деп ойлап отыр. Әрі қарай қалай болатынын көреміз, — деді Жан Мұқанов.
Junior Eurovision байқауы биыл 11 желтоқсанда Арменияның астанасы Ереванда өтеді. Қазақстан аумағында Еуропа хабар тарату одағының (EBU) қауымдастырылған мүшесі — «Хабар» агенттігі байқауды тікелей эфирде сол күні 21.00-де көрсетеді.
Биылғы байқауға 16 елдің артистері қатысады. Олар Албания, Армения, Грузия, Ирландия, Испания, Италия, Қазақстан, Мальта, Нидерланды, Солтүстік Македония, Польша, Португалия, Сербия, Украина, Ұлыбритания және Франция.
Еске салайық, биыл Қазақстан Junior Eurovision халықаралық ән байқауына бесінші рет қатысады. 2018 жылы Беларусь астанасы Минскіде Қазақстан атынан өнер көрсеткен Данэлия Төлешова 6-орын, 2019 жылы Польшаның Гливицесінде өткен байқауда қазақстандық Ержан Максим 2-орын алды. Ал 2020 жылы коронавирус пандемиясына байланысты Junior Eurovision онлайн өтті, Қазақстан атынан қатысқан Қарақат Башанова 2-орын алды, 2021 жылы Франция астанасы Парижде өткен байқауда Әлинұр Хамзин мен Бекнұр Жәнібекұлы 8-орынға табан тіреді.