Андрей Фетисовтың мәлімдеуінше, жауынгердің қалтасында Құран мен кішкене сауыт (медальон) табылған. Онда анасы Пулумгуз Ахмамбекова екені және оның Сайрам ауданы, Молотов колхозында тұратыны көрсетіліпті.
Жауынгердің сүйегі табылған аумақта НКВД -ның 140-шы Сібір атқыштар дивизиясы соғысқаны анықталды. Іздестіру тобы зерттей келе, жауынгердің ОҚО, Сайрам ауданы, Манкент стансасынан майданға 1942 жылы 17 наурызда аттанғанын нақтылаған. Мекен-жайы Манкент стансасы, Қарабұлақ пошта бөлімшесі, Молотов колхозы екені белгілі болды.
Ресейліктер қазір жауынгердің туған туыстарын іздестіруде. Сондай-ақ, олар жат елде қаза тапқан жауынгерді осы жылдың 7 мамыр күні РФ, Курск облысы, Поныри ауданында құранмен қоса қайта жерлеу жоспарланып отырғанын ескертеді.
